Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полигон дәл желкемізде тұр": Арыс тұрғыны тіршілік жасаңдар деген әкімге таңқалды

Арыс оқиғасынан бері біраз күн өтті. Қаланы қалыпқа келтіреміз деген басшылық бүгінде жөндеу жұмыстарын бастап та кеткен. Алайда қалаға қайтып оралған арыстықтар әлі де үрейден арыла алмай жүр. Солардың қатарында  Айжан Нәлібаева да бар. Замана газеті дәл полигонның қасындағы әкімдік салып берген көпқабатты үйлердің бірінде тұраты келіншектен сұхбат алып, үрей-қорқыныштары туралы білді.

Арыстағы жарылысқа ұқыпсыздық әрекет себеп болуы мүмкін

«Бұл жанға батқан жарамыз болып тұр ғой. Дәл қазір мұнда жатып ұйықтауға қорқамыз. Жарылыстан кейінгі үйімнің жағдайы мәз емес еді. Есіктері бір жақта, терезелері бір жақта қирап жатты. Снаряд ас бөлмесіндегі тоңазытқышты тесіп өткен. Жиһаздарымыз жайрап қалған. Тура бір соғыстан кейінгі жағдай сияқты еді.  Көріп жүрегіміз ауырды. Осы үйді биылғы жылдың ақпан айында ғана алғанбыз", - дейді әйел.

Оның айтуынша, жаңа үйде небары 4 ай ғана тұрып үлгерген. 

"Жөндеуіне жөнделеді-ау, бірақ бойымыздағы қорқыныш пен үрейден қалай құтыламыз? Тек екінші қайталанбасын, осымен тоқтасын деп күндіз-түні Құдайдан тілеп отырмыз. Сол күннен бері көңілімізде қалай өмір сүреміз деген күдік басым. Бізге мұнда радиация жоқ, экология таза деді. Оған аса сеніңкіремеймін. Шымкенттен қайтқанымызда Арыс­қа жақындағаннан-ақ екі құлағым бітеліп, басым ауырды, келген соң екі сағаттай мазам болмады. Соншама жарылғыштан бөлінген зиянды заттардың адам­ға еш әсері болмауы мүмкін емес деп ойлаймын", - деп Айжан Нәлібаева денсаулықтары үшін алаңдайтынын жеткізді.

Әйел қазір Арыс қаласынан бір сағаттық жердегі Монтайтас ауылындағы әке-шешесінің үйінде жатқанын айтады.

"Таң­ертең барып, үй жақты көремін, қосымша жалға алып жұмыс істетіп жатқан дүкенім бар еді, сол жаққа соғамын да, кешке қайтып кетіп жатырмын. Бала-шағамды әкелуге қорқамын. Қашанға дейін бұлай жүретініміз белгісіз. Басымыз қатып, не істе­рімізді білмей қалдық», – дейді ол.

Айжанның өзі Арыс қаласының әкімін жарылыс болған күннен бері 30-маусымда бір-ақ көргенін айтады. Сол күні ол үй жағына соққанда әкім тұрғындарға жиналыс жасап жатыр екен. Қала әкіміне бірнеше сұрақтарды қатар қойғанымен ойындағыдай жауап ала алмапты.

«Өзімнің қойған сұрақтарыма мардымды жауап алдым деп ойламаймын. Керісінше, ол кісінің сөздерінен кейін жүрегім дүрсілдеп кетті. Қауіпсіздік шараларына мүлдем дайын емес секілді. Әкімнен: «Осыншама қаруды ұстап отырсыздар, ал халықтың қауіпсіздігін мүлдем ойламайсыздар, бұл қалай?» – деп сұрасам, ол: «Бұл – айтып келмеген апат, мұндай жағдайда адам өзін-өзі құтқаруы керек», – дейді. Мұнда шамамен 44 мың халық бар, соның 39 мыңы өзін өзі алып шыққан. Сонда арғы жағында небәрі 5 мың адамды эвакуацияладық деп отыр. Әлі жағдай тұрақтанып, қалыпқа келе қойдық деп айтуға ертерек. «Осылай отыра бермей, тірші­ліктеріңізді жасаңыздар», – дегенді айтады. Ол тіршілікті қалай жасаймыз?  Адамдардың бойында үрей бар. Екі көздері әскери қойма жақта. Әскери киінген адам көшеге жүгіріп шықса да зәреміз қалмайды. «Амансыңдар ма, тынышсыңдар ма?!» – деп солардан сұрап отырамыз", - деп әйел бойындағы үрей-қорқынышын жасырмады.

Арыс тұрғыны осыншама қару-жарақ бар екенін біле отырып, соншама адамның өмірін қауіп-қатерге тігіп, дәл полигонның жанынан үй салып берген әкімдік пен билікті түсінбейді.

"Полигон дәл желкемізде тұр. Оған халықты қалай жақын ұстап отырғаны маған түсініксіз", – дейді ол.

Айжанның айтуынша, көршілерінің де қорқынышы басым. «Қайтеміз, қайда барамыз» деген қараша халық бірнеше бала-шағамен өз үйлерінен бас­қа жерге сыймайтынын да айтады. Кейбірі мектепке жайғасқан көрінеді.   

Қаралы жағдай орын алған қала тұрғыны қиын сәтте қастарынан табылып, қол үшін созған бүкіл қазақстандықтарға алғысын айтудан жалықпайды.

"Халыққа рақмет, ел-жұрт бар екен", – дейді ол.

Талқылау