Песков Путиннің шешімі бойынша Сирияның президенті Асадқа баспана берілгенін растады
Кремль Башар Асад пен оның отбасына баспана беру туралы шешімді Владимир Путиннің өзі қабылдағанын ресми мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: artsakh.news
"Әрине, мұндай шешімдер мемлекет басшысының келісімінсіз қабылданбайды. Бұл – оның шешімі", – деді президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
8 желтоқсанда агенттіктер Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Асадтың Мәскеуге келгенін хабарлаған еді. Алайда Песков Башар Асадтың нақты қайда екені туралы мәлімет беруден бас тартты.
Кеше ТАСС, "РИА Новости" және "Интерфакс" агенттіктері Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Асадтың Мәскеуге келгенін хабарлады. Агенттіктердің мәліметінше, Ресей Сирияның бұрынғы президенті мен оның отбасы мүшелеріне "гуманитарлық себептерге байланысты" баспана берген. Кейін ТАСС агенттігіне Сирияның Ресейдегі елшілігі Асадтың Мәскеуде екенін растады.
Ресейдің Сириядағы Хмеймим мен Тартустағы базаларын сақтап қалатыны туралы айтуға әлі ерте екенін Песков мәлімдеді.
"Бұл мәселе Сирияда билікке келетіндермен талқыланады", – деп атап өтті Кремль өкілі.
Оның айтуынша, Ресей Түркия және өңірдегі басқа елдермен "Сирия мәселелері" бойынша диалог жүргізіп жатыр.
Мемлекеттік Дума қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполов Ресейдің Сириядағы әскери базалары мен контингентіне ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
"Ешбір әскери бөлім оқшауланып қалған жоқ. Барлығы команда шешімдеріне сәйкес тиісті орындарында және өз міндеттерін атқарып жатыр", – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазір мұндай проблемалар жоқ, қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген.
Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.
8 желтоқтанда Асадтың президент қызметінен кеткені және Сириядан шыққаны туралы алғашқы ресми мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрлігі жариялады. Алайда сол кезде Ресейдің сыртқы істер министрлігі Асадтың қай жерде екені туралы ешқандай мәлімет бермеген. Кейінірек ресейлік БАҚ Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей Асадқа және оның жақындарына "гуманитарлық мақсаттарды ескере отырып" баспана бергенін хабарлады.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты