Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пәтердің кілтін алдап алды": Ақтөбеде банк менеджері әйелді 8 млн теңгеге тақырға отырғызған

Ақтөбеде алаяққа алданып қалған келіншек әділдік іздеп әлек. Аягөз Әбілова өзін банк қызметкері алдап соққанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, менеджер кепілдікке қойған екі бөлмелі пәтердің кілтін алдап алып, кейін оны жалдап қойған. Алаяқтың құрығына түскенін көпбалалы келіншек тек бірнеше жылдан соң білген. 

Аягөз Әбілова 2007 жылы көптен бері армандаған баспанасына қол жеткізіпті. Несиеге болса да, енді өз үйіміз бар деп қуандық дейді. Алайда қуаныштары ұзаққа бармапты. Доллардың бағасы шарықтап шыға келгенде, ай сайынғы банкке берешегі аспандап кетеді. Аягөз әрі-бері банкке несиесін теңгеге ауыстыруды сұрап арызданғанымен, шешім оның пайдасына шешілмей, сөйтіп қарыз жинала бергенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Төлей алмадым. Екі ай төлемеген соң сотқа беріп, сот менің сыртымнан сырттай шешім шығарған. Басшы екеуі кілтті бермесем, мойныма қарыз іліп, кілтті алып кететіндері, үйсіз қалатынымды айтты. Сол себепті мен үйге келіп, жолдасыммен ақылдасып, кілтті бердім», - дейді Аягөз Әбілова.

Кілтті тапсырғаны туралы не қолхат, не растайтын бірде-бір құжат алмаған Аягөз алаңсыз жүре береді. Банктен де мазаламаған соң көпбалалы келіншек қарыздан құтылған болармын деп мән бермепті. Тек 2010 жылы көпбалалы ана ретінде үйдің кезегіне тұруға барғанда мекемедегілер оның атында баспана бар екенін айтып, қайтарып жібереді. Осы кезде барып Аягөз өзінің алаяққа алданып қалғанын түсінген. Содан бері әділдік іздеп жүр. 

«Осы уақытқа дейін инстанцияның бәріне арыз жазып жатырмын. Бүкіл арызымды тоқтатып тастауда. Осы Қайралиевтің арқасында мен зардап шегіп отырмын. Несием де көбейіп кетті. Оны жазалауын сұраймын», - дейді Әбілова. 

Аягөз Әбілова өзін алдап соққан менеджерді іздеп барғанымен, оның жұмыстан шығып кеткенін біледі. Дереу полицияға арызданады. Алайда құзырлы органдар істі тексере келе, қылмыстық құрамы жоқ деп, жауып тастаған. Әрі алдап тартып алды деген баспана ешқашан өзгенің атына аударылмағанын анықтапты. Аягөздің шағымын тыңдаған облыстың бас полицейі істі бақылауына алатынын айтты. 

«2012 жылы «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ сол күдікті адамды қылмыстық іс бойынша жауапқа тартпаған ғой, сотқа жіберілмеген. Қандай себептер болғанын, ол істің неге тоқтатылғанын, қысқартылғанын анықтап, жауап береміз. Бақылауыма аламын», - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов. 

Аягөз өзіне тиесілі баспананы қайтарып алған. Арызданып жүріп, банкке жиналып қалған үстеменің пайызын азайтып беруге қол жеткіздім, дейді. Бірақ біреудің кесірінен қарызға белшемнен баттым деген ол банктің бұрынғы қызметкері барлық шығынымды өтеп берсін деп сұрауда.

Талқылау