Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ота жасауға тура келді: Алматыда құдық қақпағынан жарақат алған автобус жолаушысының аяғы сынып кеткен

Қақпақтан келген кесапат. Алматыда автобуста отырған жолаушының аяғына құдық люгі тиіп, нәзік жан операция үстелінен бір-ақ шықты. Дәрігерлер оның аяғы сынған деген диагноз қойған. Ал қоғамдық көлік тиесілі автопарк басшылығы болса оқиғаға кінәлі коммуналдық мекемені соттамақшы. 

Ота жасауға тура келді: Алматыда құдық қақпағынан жарақат алған автобус жолаушысының аяғы сынып кеткен

Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Оқыс оқиға Шығыс айналма жолы мен Халиуллин көшесінің қиылысында таңғы 7-лер шамасында болған. Мереке күнделікті әдеті бойынша №65 бағытпен жұмысына аттанған. Шығыс айналма жолынан өткенде тарс еткен дыбыс естілді дейді. Автобусты бірден тоқтатып, жолаушылар сыртқа қарай ағылған. Тіпті жұрт даурығып жатқанда олардың бірі аяғының сынғанын да сезбей қалыпты. 

“Жан-жағыма қарап едім адамдар қаша бастады. Автобус тоқтап, адамдар шыға бастады. Соның арасынша антифриз шашырап, атқылап жатыр екен. Жүрейін десем сол кезде сездім автобустың ішінде тізерлеп отырғанымды. Автобустың ішінде тізерлеп қалыппын”, - дейді тұрғын Мереке Сұраншиева. 

Кейін белгілі болғандай, автобус жол бойындағы люкті басып өткен. Сол сәтте ол көтеріліп кетіп, қоғамдық көліктің еденін жарып кірген. Салдарынан қаперсіз тұрған келіншектің аяғын сындырып жіберген. Зардап шегуші сол маңдағы аурухананың травматология бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер ота жасауды көздеп отыр. 

"Бізге жедел жәрдеммен жеткізілді. Диагнозы: науқастың сол жақ балтыр сүйегі ығысып сынуы. Науқас қазір оперативтік емге дайындалуда, жалпы жағдайы орташа ауырлықта", - деді дәрігерлер. 

Ал автобус паркі келген шығынды есептеп әлек. Ақпан айында сатып алынған қоғамдық көліктің құны -  45 миллион теңге екен. 

“Коммунал қызметкерлерінің кінәсі. Неге десеңіз - ол люктерге адам баласы да түсіп кетіп жатыр. Қайтыс болып жатыр. Үлкен кісі де түсіп кетіп, жарақат алып, бұл люктарды ешкім қарамайды деп ойлаймыз. Біз енді сотқа беріп жатырмыз, автобустың шыққан шығыны бар солардан аламыз деп ойлаймын”, - деді автобус паркінің басшысы Асылбек Мәжитұлы. 

Осы уақытқа дейін елеусіз болып келген сынған люкті мердігер компания оқыс оқиғадан соң лезде ауыстырып үлгеріпті. 

Алматыда сынған люкті ауыстыру үшін міндетті түрде біреу зардап шегуі керек. Бүгін таңертең бір жолаушының аяғы сынған болатын. Коммуналдық қызметтер әп сәтте сынған люкті ауыстырып, тіпті айналасын бетондап тастапты. 

Қалалық әкімдіктегілер бұл мәселеге Медеу ауданы жауапты екенін айтады. Оқыс оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, сынған тор сараптамаға жіберіліпті. Сараптама қортындысына сай шешім қабылданбақ. Ал автобус паркі жолаушығы келген шығынды сақтандыру компаниясының өтеп беретінін айтады.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр