Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОСК мәжіліс депутаттығына Қазақстан халық партиясының барлық кандидаттарын тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халық партиясының атынан қатысатын мәжіліс депутаттығына кандидаттардың барлығын тіркеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде 11 ақпанда ОСК отырысында белгілі болды.

Ертысбаев НПК

Ашық дереккөзден алынды

Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев басқаратын ҚКП-ның 52 кандидатының барлығы Конституция мен "Сайлау туралы" конституциялық заң талаптарына сай келеді деп танылған.

Партиялық тізімде алты түрлі ұлт өкілдері бар. Барлық үміткерлердің 32,6% әйелдер, жастар және мүгедектер құрайды.

Партиялар арасында бірінші болып съезд өткізген Қазақстан халық партиясының парттізімінде 52 адам бар. Арасында партия жетекшісі Ермұхамед Ертісбаев, бұрын партия атынан мәжілісте депутат болған Ирина Смирнова, Айқын Қоңыров, Жоғарғы соттың бұрынғы жетекшісі Мұсабек Әлімбеков және өзгелер бар. Партия бірмандатты округ бойынша бірнеше кандидат ұсынған.



Алдыңғы сайлауда 2021 жылдың 10 қаңтарында аталған партия 9 пайыздан астам дауыс жинаған, сондықтан заңға сәйкес ол сайлау жарнасын төлеуден босатылды. Бұрынғы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс алған партиялар мұндай құқыққа ие болады.

Айта кетейік, мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау 19 наурызда өтеді.

Ақберен Амангелді
Сенбі, 11 Ақпан, 2023 12:16