Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда 10 жасар қыздың өлімінен кейін қала әкіміне сөгіс жарияланды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке сөгіс жариялады. Бұл туралы мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оралда 10 жасар қыздың өлімінен кейін қала әкіміне сөгіс жарияланды

Ғали Есқалиевтің сөзінше, Орал әкіміне 10 жасар қыз көз жұмған жол апатынан кейін тұжырым жасау керек. Өз сөзінде облыс әкімі қалада адам өліміне алып келетін жол апаттарының саны 41 пайызға артқанын мәлімдеді. 

«Мен қала әкіміне сөгіс жарияладым. Оған жолдар мен облыс орталығының жарықтандырылуына жауап беретін бөлім басшыларының жауапкершілігі туралы мәселені қарастыруды тапсырдым. Оқушы қыз көз жұмған жолда жарық болмаған. Жобалау және құрылыс кезеңдерінде осы мәселелерге, әсіресе, мектепке барар жолдағы жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерге назар аудару керек», - дейді өңір басшысы. 

Сонымен қатар облыс әкімі орынбасарына жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелерімен айналысатын ведомствоаралық топ құруды тапсырды. 

Еске сала кетсек, жол апаты 20 қараша күні Нұр көшесінде орналасқан ықшамаудандардың бірінде орын алған. Көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілерге арналған өткелден өтіп бара жатқан 10 жасар қызды қағып, оқиға орнынан қашып кетіпті. Салдарынан қыз алған жарақаттардан сол жерде көз жұмды.

Артынша мәйітхана қызметкерлері жол апатынан қайтыс болған 10 жасар қыздың денесін қателікпен бейтаныс адамдарға беріп жібергені хабарланды.

Талқылау