Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар баспаналы болу үшін 4 миллион теңгеге дейін қаржы алады

Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алу үшін төрт миллион теңгеге дейін ақша ала алады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

көшу

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

"Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға тұрғын үй сатып алуға төрт миллион теңгеге дейін қаржылай көмек беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Мұндай шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешуде маңызды", – деді ЕХӘҚМ көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

2022 жылы "Мықты өңірлер – елді дамытудың драйвері" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударды, оның ішінде 1 320-ы қандас. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Одан бөлек, оларға көшуге арналған субсидия ретінде отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде қаржы беріледі.

Отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК мөлшерінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидия ұсынылады.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беріле отырып, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға көмек беріледі.

"Өткен жылы қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды, олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Біржолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленді, ал 5 633 азаматқа тұрғын үй шығындары өтелді", – деп мәлімдеді министрлік.

Өңіраралық қоныс аударуға үлес қосқан жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде екі жыл тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі.

"2019 жылы болашақ әйеліммен бірге Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір аудандық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Ризамын, барлық қолдау шараларын алдым. Мұндай бағдарламалар көп болса игі", – дейді мигранттардың бірі Нұрболат Мәдиев.

Қызылордадан Қостанай облысына көшіп келген Нұрболат Мәдиев Қостанайда некеге тұрды. Жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасты. 

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамға жетті, оның 1,9 мыңы қандастар, ал 6,7 мыңы қоныс аударушылар үшін қарастырылған.

"Қазіргі уақытта Министрлік 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады, ол солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарайды, оны іске асыру үшін жұмыс орындары құрылып, бизнес-жобалар кеңейтіледі", – деді Испанов.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 13 Ақпан, 2023 17:15