Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Он жыл бірге тұрдық, бірақ Шолпанның киноға деген талпынысы күшті болды": Жол апатынан көз жұмған Шолпан Елгезектің бұрынғы жұбайы сұхбат берді

Былтыр Жаңа жыл қарсаңында жол апатынан белгілі актриса Шолпан Елгезек 45 жасында қайтыс болды. Шолпанның өмірде қандай жар болғаны туралы оның бұрынғы күйеуі Жандос Габдульмуллинов Евразия Бірінші арнасының "Бір сұрақ" ток-шоуына әңгімелеп берді. Олар он жыл отасқан. Араларында ортақ қызы бар. 

актриса

"Шолпан екеуміз ажырассақ та ортамызда қызымыз болды ғой, Аяулы. Оның дүниеге келуінің өзі ғажайып. Аяулыны тура менің туған күнімде туып берген. Менің ең үлкен миссиям актриса болғаным емес, Аяулыны тапқаным деп айтатын өзі. Аяулыны туғанының өзі Алланың құдіреті, одан кейін Шолпан бала көтерген жоқ. Сосын біз тексергенде, дәрігерлердің өзі таңғалды, ол қалай туылды деп, Шолпан екеуміздің қанымыз сәйкес келмейді екен. Бірақ Алланың құдіретімен Аяулы тура менің туған күнімде және Халықаралық театр күнінде туған қыз. Сол қыздың айналасында бірігіп, Шолпанның соңғы күндеріне дейін бірге болдық", - дейді актрисаның бұрынғы жары

"Жар болмасақ та, Аяулыға толық ата-ана бола алдық, қамқор болдық, - дей келе Жандос мырза бұрынғы жарының мейріміділігі соншалықты, қазіргі отбасында дүниеге келген балаларға да қамқор болғанын айтады. - Өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Театрда істегесін, жиі шақыратын, Жандос, балаларды үйде ұстама, қойылымға кел, билетті уаымдама, өзім реттеп беремін деп. Талай жерге бардық. Шолпан қайтыс болды деп балаларыма айтқанда екі үлкен балам қатты жылап қалды. Неге жылайсыңдар десем, Шолпан тәтем жақсы болған деп. Екінші әйеліме де алғыс айтуға болады. Ол ешқашан Аяулыны бөтенсімеді, Шолпаннан да қызғану деген болмады. Шолпанмен жақсы қарым-қатынаста болады, Шолпан кеңесшісі болатын. Шолпан әйеліме қалжыңдайтын, мен Жандосты сенен жақсы білемін деп", - дейді Жандос мырза күлімсіреп.

Шолпанмен бірге өткізген жылдар туралы ол: "Шолпанмен 1991 жылы үйлендік. Ол кезде тәрбиесі бар қыздарды іздейтінбіз. Шолпанның ата-анасына алғыс білдіремін, екі қызына да жақсы, қазақи тәрбие берген. Үйге келген адамды дұрыс қарсы алу, үлкендермен қалай сөйлесу керек дегендей. Шолпанмен бірінші жылдары қиын болмады, тәрбиесі жақсы болғасын. Бірақ киноға деген талпынысы күшті болды да, сол сызат түсірді. Ол Жүргенев академиясына 5 жыл түсе алмай жүрген. Сол бесінші жылы түсті. Сонда мен түсіндім, Шолпанның театрға деген талпынысы күшті екенін", - дейді. 

Айта кету керек, Жандос мырза әлі күнге дейін Шолпанның ата-анасымен жақсы араласып, оларды мама-папа деп атайды екен. 

Талқылау