Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлтіріп кетер еді": БҚО-да браконьерлер қорықшыға оқ жаудырды

Батыс Қазақстан облысында браконьерлер қорықшыға оқ атқан. Бағына орай, қорықшы аман қалыпты. Ол оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Мой ГОРОД» порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 13 қарашада түнгі уақытта Круглоозерное аулының маңында орын алыпты. «Фрунзенское» шаруашылық алқабының 54 жастағы қорықшысы Геннадий Головотенконың сөзінше, бастапқыда ер адамдар өзіне жұдырық жұмсап, артынша оқ жаудырыпты. 

«Мен алқапқа келіп, күдікті көлікті байқадым. Олардан көлікті көрсетуін сұрадым. Алайда екі ер адам тексертуден бас тартып, өздерін дөрек ұстады. Олар мас еді. Артынша маған жұдырық ала жүгіріп, 2-3 рет соққы берді. Мен көліктің артына тығылып қалдым. Осы кезде олар маған оқ ата бастады. Егер көлік болмағанда, өлтіріп кетер еді. Оқиға кезінде өзімде қару болған жоқ. Мұнан кейін полицейлерді шақырдым. Олар оқиға орнына жылдам жетті», - дейді қорықшы. 

Головотенконың сөзінше, оның мұнда жұмыс істеп жүргеніне 3 ай болған. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым деген ер адам болған оқиғадан шок алғанын айтты.  

Орал полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бейсеновтің сөзінше, 14 қарашада түнгі сағат 00:01-де 102 пультіне Круглоозерное аулының аумағында белгісіз адамдардың қорықшыға шабуыл жасағаны туралы қоңырау түскен. 

«Ол жерге шұғыл түрде түнгі жедел іздестіру тобы аттанды. Олар белгісіз адамдардың қорықшыға, көлігіне бірнеше рет оқ атып, өлтірмек болғанын, артынша белгісіз бағытта ізін суытқанын анықтады. Мұнан кейін полицияның қосымша күштері, жол полиция батальонының патрульдік экипаждары, жедел тергеу тобы мен қылмыстық полиция қызметкерлері дабыл бойынша жұмылдырылды», - дейді полиция басқармасы басшысының орынбасары. 

Бейсеновтің сөзінше, полицейлер екі күдіктіні қолға түсірген. «ВАЗ-2109» көлігін тізгіндеген күдіктілер жасырынбақ болыпты. Олар Орал қаласының 32 жастағы тұрғындары болып шықты. Бұған дейін екеуі де ұрлық және бұзақылық үшін бірнеше рет сотты болған. 

«Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК «Адам өлтіруге оқталу» бабына сәйкес іс қозғалды. Оқиға орнынан атыс оқсауыттары, патрондар, патрондардың оқ тығындары тәркіленді. Күдіктілер қорықшыны өлтіруге тырысып, оған қарудан оқ атқан. Кемінде 3-4 оқ атылған», - дейді Бейсенов. 

Талқылау