"Ол басқаларға үлгі болуы керек": Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі бизнеспен айналысатын бауыры жайлы айтты
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірде ағасының агробизнеспен айналысатынына түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Сіздің жақын туыстарыңыз Солтүстік Қазақстан облысында агробизнеспен айналысады. Бауырың облыс әкімі болса бастаған ісің сәтті жүрері анық. Сіз бұл жерден мүдделер қақтығысын көріп тұрған жоқсыз ба?”, – деген сұрақ қойды журналистер әкімге.
Айдарбек Сейпілұлы облыс басшысы болып бірінші жыл қызмет етіп жатқанын, ал ағасының 1995 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқанын айтты.
“Ол өзі Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ғалым-агроном. Ауыл шаруашылығын жақсы біледі. Оған қатысты ешқандай жанжалды дүниелер орын алмады. Барлығы заң аясында. Бұған дейін субcидияға қатысты жалған ақпараттар таралған. Ол жайында айтқыңыз келсе, бұның бәрін бәрі, оның ішінде бас прокуратура тексерген. Ол барлығын заң аясында, қолданыстағы субсидиялар шеңберіндегі ережелер бойынша алады. Артық-кем ешкім алмайды. Менің қызметке келуіме байланысты оған жұмыс істеу қиынға соққан шығар. Өйткені қазір біз әлеуметтік саламен айналысуға мәжбүрлейміз. Ал ол бар күш-жігерін салып, жұмыс істеп жүр. Келіп көрсеңіз болады. Қаншама үй, медициналық пункт, демалыс орындарын салды. Ол басқаларға үлгі болуы керек”, – дейді СҚО әкімі.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған