Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушылар таза және бояу иісі жоқ сыныптарға жайғасуы тиіс": Үкімет басшысы 11 мектепте жөндеу жұмысы әлі аяқталмағанын айтты

Премьер-министр Әлихан Смайылов шенеуніктерге мектептердегі жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: chelny-biz.ru

Республикадағы 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ кей мектептерде жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып жатыр. Оқу жылы басталғанға дейін білім ошақтарындағы жұмыстар аяқталмай қалуы мүмкін. 

Үкімет басшысы Ақмола облысының өзінде 7 мектеп оқу жылына толық дайын еместігін және жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағанын айтты. Республиканың өзге өңірлерінде де осындай жағдай. 

"Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар. Аталған өңірлерде шұғыл шаралар қабылдануы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза және бояу иісі жоқ сыныптарға жайғасуға тиіс", – деп мәлімдеді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі шығарылмаған. Премьер-министр бұл жұмыстарды да шұғыл аяқтауды тапсырды.

Үкімет басшысының айтуынша  биыл тағы 52 жаңа мектеп ашу жоспарланған. Алайда жаңадан бой көтеріп жатқан 15 мектеп уақытында тапсырылмауы мүмкін екенін мәлімдеді. 

“Мұндай нысандардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет”, – деді премьер-министр.


 

Талқылау