Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық оқушылар кітап оқудан алыстап кетті ме – Министрлік мәселенің түпкі себебі мен шешу жолдарын түсіндірді

оқушылар кітап талқылайдыФото: Stan.kz/ChatGpt арқылы жасалды

Қоғамда оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығы төмендеп бара жатқаны жиі айтылады. Алайда бұл құбылысты жастар “қызықпайды” немесе “уақыт таппайды” деген себептермен түсіндіру біржақты болар еді. Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Алия Сайдембаева мәселеге кешенді көзқарас керек екенін айтты. Оның сөзінше, қазір министрлік балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру және кітапқа құштарлығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Заманауи тәсілмен ұсынылса, оқушылар белсенділік танытады”

Алия Сайдембаеваның айтуынша, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы өңірлер мен мектептерде әртүрлі деңгейде байқалады.

“Соңғы жылдары “балалар кітап оқымайды” деген пікір жиі айтылады. Бірақ тексеру нәтижесінде бұл жағдайдың барлық мектепте бірдей емес екені анықталды. Кейбір білім беру ұйымдарында оқу мәдениеті бәсеңдесе, басқа мектептерде кітап оқу белсенді дамып келеді. Сондықтан жағдайды жан-жақты қарастыру қажет”, – дейді ол.

Алия Сайдембаеваның сөзінше, министрлік балалардың оқу кеңістігін жаңғырту бағытында бірнеше бастаманы жүзеге асырып жатыр.  Соның бірі президент бастамасымен қолға алынған “Балалар кітапханасы” бағдарламасы. 

“Бұл бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханалары жаңа әдебиеттермен толықты. Оқушыларға арналған клубтар, әдеби кездесулер, буктрейлер сайыстары, оқырман челлендждері тұрақты ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындылары цифрландырылып, оқушыларға электронды форматта қолжетімді болып отыр. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру және қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өз тәжірибемізде байқағандай оқушыларға кітап оқу қызық форматта, заманауи тәсілмен ұсынылса олар белсенділік танытады. Сондықтан бастысы кітап оқуды міндет ретінде емес, рухани ләззат пен тұлғалық даму құралы ретінде насихаттау”, – дейді Әлия Сайдембаева. 

Алия Сайдембаеваның айтуынша, министрлік алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, оқушылардың оқу сауатын арттыруды мақсат етіп отыр. 

“Балалар қысқа, жылдам, визуалды ақпаратқа үйренген”

Алия Сайдембаеваның айтуынша, оқушылардың кітапқа қызығушылығының әлсіреуіне тек білім беру жүйесі емес, ақпарат тұтыну формасының өзгеруі де әсер етіп жатыр. 

“Қазір балалар қысқа, жылдам, визуалды ақпаратқа үйренген. Оған TikTok, YouTube және әлеуметтік желілердің ықпалы зор. Бұл платформалар назарды ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыру дағдысын әлсіретеді. Сондықтан кітап оқу сынды терең ойлануды қажет ететін әрекет екінші қатарға ығысуы мүмкін. Жалпы цифрлық контенттің көбеюі, уақыт тапшылығы және өмір ырғағының жылдамдауы, баланың оқу мәдениетінің әлсіреуі сияқты жалпы әлеуметтік факторлар да үлкен рөл атқарады”, – дейді ол.

Сондықтан министрлік медиа және ақпараттық сауаттылықты дамытуға ерекше назар аударып отыр екен. 

“Оқушылардың назарын кітап оқуға бұру үшін мектеп бағдарламасына талдау, сыни ойлау және ақпаратты дұрыс қабылдау дағдылары енгізілген. Қорытындылай келе, кітап оқуға қызығушылықты арттыру мектептің ғана емес, қоғамның ортақ міндеті. Министрлік осы бағытта “Балалар кітапханасы” бағдарламасы арқылы отбасылық, мектептік және қоғамдық тәсілдер арқылы, заманауи оқырман челлендждері, авторлармен кездесулер сынды шараларды жүзеге асырып келеді. Осылайша оқырман мәдениетін дамытуға басымдық беріп отыр”, – дейді Сайдембаева. 

Мектеп бағдарламасына енгізілген шығармалар тым ауыр ма?

Кейде мектеп бағдарламасындағы көркем әдебиеттер тізімі балалар үшін “ауыр” деген пікірлер де айтылады. Алайда кітапхана директоры бұл тізім халықаралық тәжірибені ескеріп жасалғанын жеткізді. 

“Бағдарламада ұлттық классика мен әлем әдебиетінің үздік үлгілері тең үйлестірілген. Бұл шығармалар оқушылардың әдеби талғамын, тіл байлығын және ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Оқушыларға қазақ әдебиетінің барлық тарихи кезеңдері, фольклор, әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары ұсынылған. Сонымен қатар еркін таңдау негізіндегі қосымша оқу тізімдері де бар. Бұл әр баланың өз қызығушылығына сай кітап табуына мүмкіндік береді”, – дейді Сайдембаева.

Алия Сайбемдаеваның айтуынша, көркем әдебиеттер тізімі әлемнің жетекші кітапханаларының тәжірибесі, ғалымдар, авторлар және сарапшылардан құрылған комиссияның ұсынымдары негізінде әзірленген. 

"Кітаптарды іріктеу барысында баланың жас ерекшелігі мен талғамына сәйкестігі, тәрбиелік мәні, иллюстрациясы мен безендірілуі, жанрлық ерекшелігі мен заманауи көркемдік деңгейі, мазмұнның қауіпсіздігі мен моральдық жауапкершілігі секілді критерийлер ескерілген. Тізімге қазақ әдебиетінің барлық кезеңдері мен негізгі жанрлары, балалар әдебиеті, поэзия, проза, драматургия, ғылыми-танымдық бағыт, көркем публицистика, аудармалар және ұлттық фольклордың түрлері енгізілген. “Балалар кітапханасы” бағдарламасы аясында білім беру ұйымдары үшін қазақ әдебиетінің түрлі жанрлар мен дәуірлерін қамтитын 2580 көркем шығармадан тұратын тізім анықталды”, – деді Сайдембаева. 

Алия Сайбемдаеваның айтуынша, білім беру ұйымдары ұсынылған тізімге сүйеніп, оқушылардың жас ерекшелігіне, бағдарлама мазмұнына және тәрбиелік мақсаттарға сай қажет әдебиеттерді өздері таңдап ала алады.

“Мектеп кітапханаларының қызметі мемлекеттік білім беру ұйымдары кітапханаларының қорын қалыптастыру, пайдалану және сақтау.   Бүгінде “Оқуға құштар мектеп” және “Оқитын ұлт” бастамалары аясында оқушылар міндетті шығармалармен қатар еркін таңдау бойынша қосымша әдебиеттерді оқуға мүмкіндік алып жатыр. Бұл әр баланың өз қызығушылығына сай кітап таңдап оқуына жағдай жасайды”, – дейді Сайдембаева.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 23 Қазан, 2025 13:00