Оқушы құлап кеткен Астанадағы мектептің баспалдақтарына қоршау орнатылды
Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қала мектептерінің бірінде оқушының баспалдақтан құлап кету оқиғасынан кейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Есет Байкен Астана мектептерін оқу аяқталғаннан кейін жыл сайын ТЖД, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Білім бөлімі және аудан әкімдігінің өкілдерінен тұратын комиссиялар тексеретінін айтты. Одан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал оқиға орын алған №14 мектеп бұған дейін жөнделген.
"Бірақ мектептің салынғанына 40 жылдай болғандықтан қоршаулар мен баспалдақтардың арасында ондай сүйеніштер болмаған. Әрине, Темірланның басынан өткен жағдай мектептердегі балалардың қауіпсіздігін басқаша бағалауға мүмкіндік берді. Балалар құлап немесе дене жарақатын алуының қарапайым ықтимал жағдайын қарастыра бастадық. Мектеп 1974 жылы салынған. Биыл Темірланның оқиғасынан кейін алғаш рет қоршаулар арасына сүйеніш орнату шаралары қолға алынды",-деді ол.
Әкімнің орынбасары тез арада құрылған мониторинг тобы дәл осындай типтік мектептерде қоршаулар арасын бақылау бойынша іс-шаралар жүргізгенін айтты.
"Бүгінге дейін мониторинг тобы мұндай сүйеніші жоқ нақты жағдайларды анықтаған жоқ. Сонымен бірге мониторинг барысында анықталған басқа жағдайлар дереу жойылды. Мониторинг тобының жұмысы әлі де жалғасады", - деді Есет Байкен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың №14 мектеп-гимназиясында жазатайым оқиға болып, оқушылардың бірі баспалдақтан құлағаны туралы жазған болатынбыз. Астананың білім басқармасы 25 қыркүйек күні оқушыны сыныптасы итеріп жібергенін мәлімдеді. Мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл шудан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды.