Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда жұмысқа бара жатқан жұрт автобусты өздері итерді (видео)

Ақтүтек боран елорда көшелерін қар құрсауында қалдырды. Жол апаттары жиілеген. Полицейлер көліктерді қойып, автобустарға көшуге кеңес берсе, төтеншеліктер жұмыс уақытын қысқартуды ұсынуда. Қаладан шығар жолдар тарс жабылып, әуе рейстері кейінге шегерілуде. Бірақ оған қарамай жолға шығуды мақсат еткендермен тәртіп сақшылары барынша күресіп әлек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды.

автобус 

 

Құлақ асқандардың кейбірі боранда адасқаны ма, әйтеуір, тротуардың үстіне көліктерін шығарып тұрып қойып қойыпты . Әдетте мынадай уақытта қалада көліктер кептеліп тұрушы еді. Бүгінгі күндері әдеттегіден аз, сонысына қарағанда кеңеске құлақ асқан сияқты.

Жұмысқа асыққандар ол кезде Төтенше жағдайлар департаментінің ұсынысын естімеген еді әлі. Бүгін мектептерде сабақ түгелдей тоқтатылды.

"Мекемелерге айтатыным, әсіресе коммерциялық мекемелерге, бизнес-структуралар бар, құрылыс мекемелері бар. Солар қазіргі уақыттан бастап өздерінің жұмыстарын тежей тұруы керек. Егер мүмкіндік болып жатса, бүгінгі жұмыс күнін қысқарту керек", - деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов.

Қаладан шығар жолдар жабылды деп еді департамент басшысы. Посттардың біріне беттедік.Бұрқасын қардан расымен жол көрінбей кеткен кездер болды. Ақыры жеттік.

Елордадан шыға беріс жолдардың біріндегі жағдайды айтпаса да түсінікті. Қар борап тұр. Қалаға келе жатқан көліктерді кіргізіп жатыр, ал қаладан шыққысы келген жүргізушілерді полиция қызметкерлері барынша тоқтатуға тырысуда.

Ескерту мен шектеуге қарамастан трассаға шығағу асық болғандарды сөзге тарттық. Себебі әр түрлі. Бірі қаладан азық-түлік, бірі дәрі-дәрмек әкелу үшін келіп, шыға алмай қалған көрінеді.

"Жолда тұрып қалған машиналар көп. Жан керек, қалаға беттедік. Екі күннен бері ешкім көмекке келмеді. Мен өзім әрең дегенде шығып, жәрдем сұрауға келдім. Біздегі тракторлардың соляркасы біткен шыға алмай жатыр", - дейді Қосшы ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Қамұратов.

"Жібер деп сұрап жатқандар бар. Жолдың қолайсыздығына байланысты ешкімді жібермей тұрмыз. Адамдардың өзінің қауіпсіздігі ғой? Әрине, адамдардың өздерінің қауіпсіздігі. Қала тұрғындарынан сұрайтынымыз, бүгінше қаладан шықпай тұруын сұраймыз өйткені жол жабық тұр", - деді қалалық полицияның аға инспекторы Рахматулла Ержанов.

Көп ұзамай көзіміше бір қара көлік әй-шайға қарамай жолдың қарсы бетімен ытқып кетті.

Біраздан соң желіккен жүргізушіні полицейлер жетектеп әкелді. Протокол толтырамыз, дейді.

Қала сыртында ғана емес, іштегі көшелердің өзінде батып қалған автобустар бар. Жұмысқа асыққан жұрт оны қолмен итеріп, жолға шығарған. Біз сол қоғамдық көліктің рулінде болған жүргізушіні тапқан болатынбыз.

"Бір қыз бала капюшонын киіп ап, наушнигімен жол бермей, мені көрмей, сол адамды өткіземін деп тоқтап қалған кезде автобус тұрып қалды. Содан кейін пассажирлердің бәрі шығып, көмектесіп, автобусты итерісіп, әрмен қарай бағыт алдық", - автобус жүргізушісі Аскен Тоғаев. 

Жел екпінінің күштілігін мына аялдама анық әспеттеп тұрғандай. Боран бір оның шатырын жұлып әкеткен. Әйтеуір автобус күтіп тұрған жолаушы жоқ сияқты.  

Қалада 6 қар шығару полигоны бар екен. Екеуі ернеуінен асып толып кеткен. Қар көп. Қыс басталғалы 190 мыңдай рейс жасалып, 2 млн текше метрден артық қар шығарылды. 1 200-дей техника жұмыс жасауда. Оның өзі аздық етіп отырғанын әкім мойындап, халықты сабырға шақырды.

"Шамалы сабыр ету керек. Біз бүкіл күшімізді жұмылдырдық. Біріншіден, ең үлкен жолдарды тазалаймыз. Қоғамдық көлік жүретін жерлерді тазалаймыз, ол қазір күндіз-түні жасалуда. Жұмысты одан да күшейтеміз. Қазір жеке компаниялардың техникасын қосымша аламыз. Сонымен бірге біздің емхана, дәріхана немесе басқа да әлеуметтік нысандарға баратын жолдарды тазалаймыз. Содан кейін ішкі жолдарға барамыз. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Біз сіздер үшін жұмыс жасап жатырмыз. Ұйықтамай, күндіз-түні жұмыс атқарамыз", - деп мәлімдеді елорда әкімі Алтай Көлгінов. 

Ұшақпен жолға шыққандар да бөгелді. Елордалық әуежай қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін 11 рейс тоқтатылып, 38 кейінге шегеріліп отыр. Қазгидрометтің бүгінге дәл келген болжамы көңіл көншітпейді. Ақ түтек боран апта соңына дейін жалғасатын көрінеді.

Бұған дейін қала әкімі Нұр-Сұлтандағы ауа райына байланысты елордалық қызметтің барлық түрі күшейтілген режимге көшкені туралы айтқан еді. 

 

Талқылау