Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағдай жасамаса, баланы не үшін туамыз": Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар наразылыққа шықты

Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар наразылыққа шықты. Олар Ақордаға барып баспана талап етпек болған. Алайда, 30 шақты әйелді полиция бөгеп тұр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ашынған көпбалалы аналар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескісі келетіндерін жеткізді. Наразылық орнына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінінің орынбасары Светлана Жакупова және жуырда ғана тағайындалған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де келген.

Ол аналарды бейбітке шақырмақ болды, алайда аналар наразылықтарын тоқтатпайтындарын жеткізді.

«Заң шеңберінде үйдің мәселесін шешу үшін қарап отырмыз. Сіздердің мәселелеріңізді білеміз. Әр ананың мойнында тұрған жүкті көріп отырмын. Барлықтарыңыздың мәселелеріңізді жеке-жеке қарап шығамыз. Сіздер ғана емес, тіпті мемлекеттік қызметкрлер де үй кезегінде тұр», – дейді жиналған аналарды сабырға шақырған Бақтияр Мәкен.

Нұрлы-жол көшесінде жиналып тұрған көпбалалы аналарды арнайы жасақ қоршаған және үш автобус әкелінген. 

 «Біз баланы не үшін туамыз, егер үкімет бізге ешқандай жағдай жасай алмаса. Облысқа, ауданға да бардым. Ешкім қабылдамайды. Не масқара бұл?. Қазір мен қаңғып қалдым. Ауру баламмен қонатын жерім жоқ. Аналар туады, бірақ бізге ешқандай жағдай жасалмайды», – дейді Атырау облысының тұрғыны Айгүл.

Талқылау