"Ұлдың, қыздың жұмысы деп бөлмейміз":Түркістандық көпбалалы ана отбасында балаларына қалай жауапкершілікке үйрететінін айтты
Түркістандық Айғаным Усерханқызы – 10 баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Үй шаруасына да, балалардың күтіміне үлгеретін келіншек өзінің отбасылық құндылықтары туралы айтты. Балаларға жақсы тәрбие, білім беру ата-анананың басты міндеті екенін алға тартты. Бауырмалдық пен жанашарлықты отбасының басты қағидасы деп санайтын көпбалалы ана өзінің қазіргі мәртебесін жетістік деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Отбасы мұрағатынан
Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тұрғыны Айғаным Усерханқызы – 10 баланың анасы. 39 жастағы көпбалалы ана күйеуімен 8 қыз 2 ұл тәрбиелеп отыр. Келіншек қазір бала күтімімен жұмыс істемейді. Көпбалалы ана жанашырлық пен бауырмалдық отбасындағы басты құндылық екенін айтады.
“10 балам бар. Үлкен қызым Мира 19 жаста, Динара18-де, Ұлжан 16-да, Ұлбосын 14 жаста, ұлым Руслан 12-де, қызым Камшаттың жасы 9-да, Айзере 7 жаста, Ақбота 5-те, Аяла 3-ке келді, кенжем Ахмет 4 айлық. Тұңғышым жұмыс істеп әкесі екеуімізге қолғанат болып жүр. Екі қызым студент, бесеуі мектеп оқиды. Кішкентайларыммен әкесі мен балаларымның тілеуін тілеп отырамын”, – дейді Айғаным Усерханқызы.
Бала күтімімен отырған үй шаруасындағы ана балаларына барынша көңіл бөліп, олардың қызығушылықтарын бірінші орынға қояды.
“Қолымнан келгенше өздерінде бар талантына, қарым-қабілетіне қарай сүйікті істерімен айналысуға жағдай жасаймын. Үйірмеге қатысады, ұлым күреске барады. Динара қызым мектепті қызыл дипломға бітірді. Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ағылшын тілі мұғалімі мамандығының 2-курсында оқиды. Тағы бір қызым Түркістандағы педагогикалық колледжде бастауыш сынып мұғалім мамандығында оқып жатыр. Қыздарым тәрбиелі, тәртіпті әрі білімді, алғыр, оқуда озат. Оларды мақтан тұтамын. Мектепте түрлі жарыстарға қатысады. Менің білетінім, баланың дамуына қаржыны аямау керек. Бұл – инвестиция ”, – дейді көпбалалы ана.
Айғаным көпабалалы ананың бір күні қалай өтетінін айтып берді. Уақытының көп бөлігі үй шаруасына, бала күтіміне кетеді екен.
“Таңертең күйеуім жұмысқа, балаларым мектепке кетеді. Үлкендері түске дейін оқып, түскі асқа үйге келеді, кіші балаларым екінші ауысымда оқитындықтан мектепке жиналады. Бірін шығарып салып, екіншісін күтіп аламын. Күйеуімді жұмыстан күтіп алып, түскі асын дайындаймын. Көбіне осындай үй шаруасымен айналысамын. Күнделікті тірлік”, – дейді ол.
Айғаным ханым балаларына қандай шаруа болсын бір-біріне көмектесіп, ұл-қыз деп бөлмей істеуге үйретемін дейді.
“Отбасылық құндылыққа келсек жалпы – қоғамның негізгі құрамдас бөлігі десек те болады. Біздің отбасылық құндылығымыз – бір-бірімізге деген бауырмалдық, қамқорлық, кішіпейілділік пен жанашырлық. Балалардың біліміне, қыздардың тәрбиесімен өзім айналысамын. Әкесі ұлына өз ақылып айтып, білгенін үйретеді. Көбіне үй шаруасындағы жұмыстарды өзім істеймін, әкесі мен ұлы сырттың жұмысын реттейді. Маған да барынша көмектеседі. Шамамыз келмей жатса, бір-бірімізге көмектесіп, “ұл-қыз” демей, атқарып тастаймыз. Қолымыздан келіп тұрса қарап тұрмаймыз. Өйткені үлкен жұмыс болсын, ұсақ-түйек тапсырмалар болсын ол тұлға болып қалыптасып келе жатқан баланы жауапты болуға үйретеді. Балаларға жұмысты сеніп тапсырмасаңыз, ол ер жеткенде өзге түгілі өзіне сенбей өседі. Сондықтан қазірден бастап жауапкершілік алуды, оны сезінуді үйрету керек”, – дейді келіншек.
Әулеттің отағасы мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Айғаным Усерханқызы күйеуінің үнемі көмектесе алмайтынын мойындағанымен, демалыс күндері жанынан табылып, қай шаруда болсақ қолғабыс ететінін айтады.
“Шаруаларды көбіне өзім істеймін. Себебі күйеуім күні-бойы жұмыста. Бірақ демалыс күндері үй шаруасы болсын, бала тәрбиесі болсын бәріне атсалысады. Осы күнге дейін бала тәрбиесінде ешқандай қиындықтар болмапты. Не мәселе болсын, біріге ақылдасып, ортаға салып, соңында тиімді шешім қабылдауға тырысамыз. Отбасы болған соң ауызбіршілік те маңызды рөл атқарады. Бұл да біздің отбасымыздың ұраны десем қателеспеймін. Балаларымызды адалдыққа, әділдікке, шынайылыққа үйретеміз. Бұл бала тәрбиесіндегі ең басты дүние деп ойлаймын. “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деп бекер айтылмаса керек. Осы жасында бала ата-анасынан үлгі алып, солардан көргенін істейді. Сол себепті әке-шеше үлгі алатындай адам болу керек. Көбіне баланы емес, өзін тәрбиелеуі керек”, – дейді үйдің отанасы.

Фото: Отбасы мұрағатынан
Көпбалалы ана отбасы құндылықтары болып есептелетін отбасылық жиындар туралы айтып берді. Балаларының туған күні әулет болып бас қосып, атап өтетін мереке дейді.
“Әр туылған күнді міндетті түрде тойлап, атап өтеміз. Отбасымызбен, жақындарымызбен дастарханда бас қосамыз. Балаларымның туған күндері біз үшін отбасылық, дәстүрлі түрде атап өтетін жиын. Осылайша жақын жандармен бақытты сәттерімізді жадымызда естелік етіп қалдырамыз, әр балаға көңіл бөлеміз. Балаларымның есінде осындай қуанышты, әсерлі сәттер қалса, қайта келмес сәттерді өкінішсіз өткізсе деймін. Бастысы – балаларымның, отбасының бақыты”, – дейді көпбалалы ана.
Көпбалалы отбасы балалар үшін жәрдемақы алады.
“Көпбалалы отбасы артықшылығы – үкіметтен көп жеңілдік жасалады. Отбасыда көп адам болса, қандай керемет. 39 жасымда көпбалалы ана атанғаныма шүкір. Қыз-келіншектерге де денсаулық мықты болса, әлеуметтік жағдай жетіп тұрса салиқалық ұрпақтың санын көбейтіңдер деп айтар едім. Көпбалалы аналар өзіне уақыт бөлсе деймін. Өйткені үй шаруасы, күнделікті күйбең тіршілікте, бала күтімімен өзін ұмытып кетпей, дамуға, білім алуға уақыт тапса нұр үстіне нұр болады”, – дейді Айғаным Усерханқызы.
Кейіпкеріміздің өзі сауда жасап кәсіппен айналысқысы келеді.
Көпбалалы ананың айтуынша, олар қазір отбасымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Отанасы өздеріне пана болатын баспана болса дейді.
“Негізі үй кезегіне тұрғанбыз. 2016 жылы кезегіміз келді. Бірақ бізге ұсынылған үй отбасымызға сай келмеді, көңілімізден шықпады. Оны алған соң жөндеу жұмыстарына тағы қаражат керек болды. Сөйтіп одан бас тарттық”, – дейді көпбалалы ана үміт үзбей.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды