Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа ғасырдың "тигры", шаңсорғыш және көпфункциялы көлік: "Алматы тазалық" кәсіпорны қысқа дайындығын көрсетті

“Алматы тазалық” кәсіпорнындағы 763 техниканың 612-сі қысқа дайын. Оның ішінде 32 техника биыл сатып алынған. Сонымен қатар мекеме қыс мезгіліне 25 тонна тұз, 35 тонна ацеп алып қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне кәсіпорынның директорының орынбасары және механизаторлары айтып берді.

Фото: Stan.kzХалық арасында тигр” деп аталатын көпфункциялы техника. Фото: Stan.kz

Кәсіпорын өкілінің айтуынша, Алматы қаласы әкімдігі мекемеге жыл сайын жаңа техникалар сатып алып беріп, толықтай жабдықтап отырады. Бұл дайындықтың бәрі жұмыстың өнімділігіне және жылдамдығына әсер етеді. Биыл алынған 32 техниканың бәрі көпфункциялы және жап-жаңа. Олар қыс мезгіліне дайын тұр.

“Мына тұрғанның бәрі жаңа, енді қолданылатын техника. Бүгінде 763 техникамыз бар. Оның ішінде 612-сі қысқа дайын. Бұлардың бәрін мамыр айынан бастап тексеріп, бояп, жөндеп, техникалық бақылаудан өткізіп, дайындадық. Қар бірінші жауатын, тау жақтағы үш ауданда біразы жұмыс істеп тұр. Қалған аудандар үшін бөліп қойған техника дайын. Қар жауғанда бірден шығады. Бүгін Алматыда қар жауды, қазір қарды тазалап қойды. Сонымен қатар биыл қысқа 25 тонна тұз, 35 тонна ацеп алдық”, – деді Алматы тазалық директорының орынбасары Ертай Қасенов.

Жаңадан әкелінген техниканың арасында Алматының арбаты сияқты адам көп жүретін жерлерді жинауға арналған шаңсорғыш, халық арасында “тигр” деп аталатын көпфункциялы көлік және біріктірілген механикалық үлкен көлік бар. Мұның үшеуі де жүргізушінің жұмысына ыңғайлап жасалған және Қазақстанда құрастырылған. Кәсіпорын техниканы сатып алар кезде жүргізушіге және қаланы жинауға ыңғайлы етіп жасауға тапсырыс береді екен. Үлкен көліктер әрі қар күрейді, әрі жолды тазалайды, жазда да, қыста да қызметке жарайды.

Фото: Stan.kzЖаз бен қысқа арналған техника. Фото: Stan.kz

“Алматы тазалық” кәсіпорнында бүгінде көше жинайтын қызметкерлер саны – 973 адам. Бұдан бөлек техника жүргізетін қызметкерлер бар, олар 450-ге жуық.

“Заманауи, жаңа техниканың болғаны жұмыстың тиімділігінен бөлек, жолда болатын түрлі қауіп-қатерден қорғайды. Мысалы, бұрын бірнеше адам қолмен жинаса, қазір үлкен техникамен бір жүріп өтіп, тазалауға болады. Қыс мезгіліне біраз дайындалдық, керек, заманауи және жаңа техниканың бәрі сатып алынды. Қысқа дайынбыз”, – деді Ертай Қасенов.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, компанияға қызметкерлер үнемі керек. Тек кәмелет жастан асқан және 1-2 жыл көлік жүргізуден тәжірибесі болса, жеткілікті. Қалғанын компания өзі үйретеді. Айтпақшы, қызметкерлерден техникаға ұқыпты қарау талап етіледі.

Фото: Stan.kzШаңсорғыш. Фото: Stan.kz

“2005 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Вакуумды тазалаушы құрылғыны жүргізіп жүргеніме үш жыл болды. Жол бойы бүкіл қоқысты, жапырақты, пластиктерді жинап шығады. Артында шлангасы бар. Өте жеңіл әрі басқаруы оңай құрылғы. Осы бір көлік біраз адамның орнына жұмыс істейді деуге болады. Мысалы, 4-5 адамның жұмысын істейді. Оған қоса Алматы үлкен қала, күніне мыңдаған көлік әрі-бері жүреді. Сол кезде жолды тазалау қиын, адамдарға қауіпті. Ал мұндай көліктер адамға төнетін қауіпті де азайтады”, – дейді механизатор Иван Черный.

Фото: Stan.kzМеханизатор Иван Черный. Фото: Stan.kz

Бүгінде Алматыда күндіз көшелерді тазалауға күнделікті 600 бірлік техника мен 800 жол жұмысшысы, түнгі ауысымда 220 бірлік техника мен 250 жол жұмысшысы жұмысқа шығады.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 25 Қараша, 2024 09:00