Өндіріс көлемі – 3,8 триллион теңгеден асты: Қарағанды облысында өнеркәсіп қалай дамып жатыр
Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Уманцев 2021-2025 жылдарға арналған "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" Ұлттық жобасы бойынша өңірде іске асқан жобалар жайлы айтып берді.

Уманцевтің айтуынша, жобаның мақсаты - экономиканы әртараптандыру. Жобаның нысаналы индикаторларын іске асыру барысында Қарағанды облысы бойынша келесі міндеттер қойылған:
- Өнеркәсіпте, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемін ұлғайту;
- Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін арттыру;
- Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуін қамтамасыз ету;
- Инвестициялық жобаларды іске асыру;
- Тауарлардың шикізаттық емес экспортының көлемін ұлғайту.
Басқарма басшысының сөзінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8 триллион теңгеден асты. Өсім өңдеу секторы кәсіпорындарының тұрақты жұмысы есебінен қамтамасыз етілді, оның үлесі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде 75%-ды құрайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2,9 триллион теңгені құрап, 3,5% - ға өсті.
“Түсті металлургияда "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-де тазартылған мыс өндірісін 21,4% - ға ұлғайту есебінен өндіріс көлемі 18,1% - ға өсті. Сондай-ақ өндірістік көрсеткіштердің өсуі резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 47,3% - ға, машина жасауда 35,4% - ға, химия өнеркәсібінде 3,2% - ға, жеңіл өнеркәсіпте 1,6% - ға және құрылыс индустриясында 1,5% - ға байқалады.
Өңдеуші саладағы еңбек өнімділігі 11,3% - ға өсті. Облыс өндірушілері әлемнің 40 елінде, оның ішінде ҚХР, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, РФ, ЕО және т.б. елдерде тұтынылатын 6,1 млрд АҚШ долларынан астам сомаға өнім экспорттады. Негізгі экспорттық тауарлар мыс, жалпақ илек, ферроқорытпалар, машина жасау өнімдері, резеңке-техникалық бұйымдар, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, кабель-өткізгіш өнімдері, химия өнеркәсібі өнімдері және т. б.”, – дейді ол.
Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 724,9 млрд. теңгені құрап, 2021 жылға қарағанда 10,6% - ға өсті. Негізгі үлес жеке инвестицияларға тиесілі – 92%, бұл біздің облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар.
“Былтыр 1750 жаңа жұмыс орнын құрумен 216,2 млрд теңге сомасына 12 жаңа өндіріс іске қосылды. "Сарыарқа" АЭА аумағында "Altynarna Geosyntetics" ЖШС геомембрана өндіру жобасы іске асырылды, бұл жобаға 2,7 млрд теңге салынды, 47 жаңа жұмыс орны құрылды. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнім. Іске қосу басталғаннан бері 2,4 мың тонна геомембрана өндірілді. Нұра ауданында "Шұбаркөл Көмір" АҚ белсендірілген көмір өндірісін жолға қойды. Белсендірілген көмір гидрометаллургияда, алтын өндіруде, фосфат өнеркәсібінде және суды тазартуда кеңінен қолданылады. 360 млн. теңге салынды және 14 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 1000 тонна өнімді құрайды”, – дейді Андрей Уманцев.
Сонымен қатар Ақтоғай ауданында "Борлы" кен орнының жанында "Irkaz Metal Corporation" ЖШС катодты мыс өндіру зауыты ашылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 140 жұмыс орнын құрумен 9,1 млрд. теңге болды. Зауыттың өнімділігі жылына
5 мың тоннаға дейін катодты мыс құрайды.
“Қарағандыда "Asia FerroAlloys" ЖШС агломерациялық фабрикасы салынды. Жобаның құны 15 млрд. теңге, 100 жұмыс орны құрылды. Жобамен жылына 240 мың тонна агломерат өндіру көзделген. "YDD Corporation" ЖШС-де ферросилиций өндіретін 4-ші пеш іске қосылды. Жобаға 12 млрд теңге салынды, 200 жұмыс орны құрылды. 4-ші пешті іске қосу арқылы кәсіпорынның ферросилиций өндіру қуаттылығы жылына 50 мың тоннаға өсті. 2022 жылдың желтоқсанында "Нәтиже тәтті" ЖШС ұн кондитерлік өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталды. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрады. 45 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорында тәулігіне 40 тоннаға дейін ұн кондитерлік өнімдері өндіріледі”, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Сондай-ақ "Саран" индустриялық аймағының аумағында "KamatyresKZ" ЖШС автомобиль шиналарын өндіру бойынша ірі жоба іске қосылған. Осы жобаның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында республикалық бюджеттен облысқа 31,2 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қаражат 100% игерілген.
“Енді жаңа зауыттың қуаттылығы ішкі нарықты шина өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар шетелге шығуға мүмкіндік береді. Жобаның толық құны - 1000-нан астам жұмыс орнын құрумен 171 млрд теңге. Ағымдағы жылдың көрсеткіштеріне келетін болсақ, қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 393 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1 036,9 млрд.теңгені құрап, келесі салаларда өсім байқалды: фармацевтикада 50,2-ға%, машина жасау 40,9%-ға, жеңіл өнеркәсіп 26.2%-ға және тамақ өнімдерін өндіру саласында 1,3%. Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 235,9 млрд теңгені құрады, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,9%-ға өсті”, – дейді Андрей Уманцев.
Өңірде 147 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Жобалардың арқасында 2179 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік