Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналықтардың көшелерді жауып тастауы: Әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов су тапшылығы мәселесіне байланысты қала тұрғындарының көлік жолдарын жабуына қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Құрметті достар! Қала тұрғындары! Осы айдың соңына дейін ауыз су тапшылығы қалада шешіледі. Дегенмен, дәл қазіргі уақытта кейбір тұрғын үйлерде судың аздығы шамадан тыс қатты байқалып жатқанын түсініп отырмыз. Бұндай үйлердің мәселесін "Астана Су Арнасы" және аудандық әкімдіктер бірлесіп шешуде. Кейбір жерлерде үйдің насостары қайта бекітіліп, соның арқасында судың ағысы күшейтіліп жатыр. Бірақ ол барлық жағдайда бірдей көмектесе бермейді.

Дегенмен, "Астана Су арнасы" барлық тұрғын үйлерге теңдей қарап, су тапшылығын шешуге тырысуда. Бірақ, өкінішке қарай, су қоймаларында су деңгейі қатты төмендеп кеткен кезде, олар суды толтырып алғанша қаладағы ағысты азайтуға мәжбүр. Әдетте бұл түннен таңға дейін жалғасады. Бұндай кезде сабырдан басқа ештеңе көмектесе алмайтыны тағы анық.

Сол себепті қалыптасқан жағдайға түсінушілікпен қарап, заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Көше жабылса, су келеді екен деп түсіну қате. Есесіне, заңға қайшы әрекет, басқа азаматтардың еркіне нұқсан келтіріп, жол-көлік апатына әкелуі ықтимал. Сол себепті, қалыптасқан жағдайда өзге тұрғындар секілді заң аясында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Әрбір арыз-шағым толық қаралады, мамандар сізге міндетті түрде көмектеседі", - делінген Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратовтың видеоүндеуінде.

Су тапшылығы 2021 жылы құрылысы басталған су тазалау станциясы іске қосылған кезде, яғни 30 маусымнан кейін толыққанды шешіледі.

"Сонымен қатар келесі аптада Астана су қоймасынан тағы бір құбыр су станциясына жіберіледі. Бұл да су тапшылығының шешілуіне көмектеседі", - деді Дәурен Бабамұратов.

Еске салсақ, осыған дейін Астана тұрғындары судың берілмей жатқанына наразылыққа шығып, жолды жапқаны туралы жазған болатынбыз.

Артынша мемлекет басшысы Тоқаев Жеңіс Қасымбекке Астанадағы су тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды.

Талқылау