Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талаптары әлі орындалмағанын айтқан жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға қайта бармақ –  Маңғыстау облысының әкімі не дейді

Жаңаөзендегі еңбек дауы әлі де шешілер емес. Мұнайшылар кеше тағы да үндеу жариялап, мәселелерінің әлі де толық шешімін таппағанын айтқан еді. Сондай-ақ 15 маусымда Астанаға қайта баратындарын мәлімдеген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі жағдайға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңаөзен қаласында тұрақты жұмыс сұраған мұнайшылар талаптары әлі орындалмағанын айтады. Оларға "Өзенмұнайгаз" компаниясы мердігер мекемелерден қызмет ұсынған. Бірақ мұнайшылар ол жұмыс та уақытша деп, наразылық білдірді.

Айтуларынша, бірыңғай төлем жүйесі мен еңбек қауіпсіздігі туралы қойып отырған талаптарының ешқайсысы орындалмаған. 

Нұрлан Ноғаев айтуынша, бұл еңбек жанжалы емес. Тек тендер өткізу кезінде туындаған мәселе.  

“ҚазМұнайГаз жүйесінде жұмыс істейтін 4000-нан астам адам осындай жүйемен жұмысқа орналасқан. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында мұнай-газ саласында қызмет көрсететін немесе мердігерлік жұмыстарды атқаратын 192 компанияның 57-і осындай жағдайға тап болған. Яғни тендерге қатысқан, бұрын жұмыс істеп тұрған мекеме тендерден ұтылып қалып, басқа мекеме тендерді ұтқан. Дегенмен ҚазМұнайГаз компаниясындағы әріптестеріміз қабылдаған шаралардың арқасында 57 компаниядағы 3 мыңнан астам адам жеңімпаз компанияға ауысты. Еңбек шарттары, жұмыс шарты, қаражаты қажет деңгейде болатындай – бұрын қызмет атқарған жұмыс орнынан төмен емес. Осы шаралар Жаңаөзендегі қазіргі отырған азаматтарға да ұсынылды. Алайда олар енді қатысқан тендерде жеңімпаз компанияның штатына бар деген ұсынысты қабылдаған жоқ. Себебі бұлар кезінде сол мекемеден әңгіменің шынын айтқанда даумен шығып кеткен болатын", - дейді Нұрлан Ноғаев.

Ноғаевтың айтуынша, Өзенмұнайгаз компаниясы мен мердігер компаниялардың келісімшартын үзақмерзімді етуді ҚазМұнайГаз компаниясы Самұрық-Қазынамен бірге шешкен.

“Яғни биылдан бастап мердігер компаниямен келісімшарт 3 жылға жасалады. Ал егер сол компания өзіне алған міндеттемені дұрыс орындаса, келісімшарт тағы 1 жылға ұзартылады. Демек 4 жылға келісімшарт жасау жөнінде шешім қабылдады. Бұл бағытта 42 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде мекеменің материалдық-техникалық базасын жоспарлы түрде жасақтауға, мекеменің қаржылық-өндірістік жоспарларын ескере отырып жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау, жалақысын заңға сәйкес арттыру жөнінде, басқа да мәселерерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді", - дейді ол.

Әкімнің сөзінше, Мөлдір-мұнай Сервис компаниясында жыл соңына дейін жұмыс көлемі бар. Наразы мұнайшыларға сол жерден жұмыс ұсынылған. Ноғаевтың айтуынша, сол мекеме ұтып алған жағдайда 3+1 жылдық келісімшарт жасау жөнінде шешім болатыны айтылған.

"Бірақ азаматтар ол мекеменің материалдық-техникалық базасы нашар, еңбек қауіпсіздігі талаптарға сай келмейді деп тағы басқа сұрақ қойған. Қазір өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелермен айналысып келе жатыр. Талап қойып отырған азаматтарға жұмыс істеуге толық негіз бар деп есептейміз", - деді ол.

Әкім 15 маусымда мұнайшылар Астанаға келгелі жатыр деген ақпаратқа қатысты да пікір білдірді. 

“Қажетті шешімдердің бәрі жігіттерге беріліп отыр, текетіреске тұрмай, екі жақтың мүмкіндігін қарастырып, шешім қабылдау керек", – деді ол. 

Еске сала кетсек, Жаңаөзен қаласындағы "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінің алдында түнеп шықты. Олар министрліктен жұмыс мәселесін шешуді талап еткен болатын. 

11 сәуір күні кешке Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Бұдан кейін жаңаөзендіктер әкімдік алдына жиналып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап еткен болатын. 

Сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар ынтымақтастықтың белгісі ретінде жұмысын тоқтататыны туралы ақпарат пайда болды.

Өңір басшысы әкімдіктің тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеген.

Бұдан кейін Астанада қамауға алынған жаңаөзендік мұнайшылар видео арқылы үндеу жолдап, аман-есен үйлеріне қайтқанын айтқан. 

Талқылау