Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кәрілік күте тұрады": Қарағандыдан Мәскеуге дейін жүгіріп барған 70 жастағы ақсақал сергектігінің құпиясымен бөлісті

Қарағандылық 70 жастағы жеңіл атлет Төлеутай Жаманбек жыл бойы 90-нан астам марафонға қатысқан. Жүгіруден басқа ол шаңғы, велосипед тебуді, теннис ойнауды, сонымен қатар би  билегенді жақсы көреді. Таяуда ол Қарағандыдан Мәскеуге дейін 42 шақырымға қиналмай барып қайтты. Ақсақал кез-келген жаста қалай сергек және жігерлі болуға болатынын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап. 

Бастапқыда дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, одан кейін 30 жылға жуық кенші болған Жаманбек Төлеутай жұмысты тастаса да, спортты тастаған жоқ. Жетпістен асты демесеңіз, жүгіргенде жас жігіттерді шаң қаптырады.

Ең бек ардагері Жаманбек Төлеутай егде тартқан жасында Азия чемпионы атанды. Әскерден келген жылдары алдымен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, одан кейін 30 жыл шахтер болды. Қазір зейнетте. Бірақ әлі спортпен шұғылданады. Ол өзінің жас көруінің сырын жүгірумен байланыстырады.

“70 деп айтпайды, бір 50 жас. Автобуста тексергенде айтады да, документ көрсетіңіз дейді,  зейнеткер емессің дейді. Адам өзін-өзі күту керек.  Жақсы тамақ ішіп, жақсы ұйықтау керек. Шылым шекпеу керек, арақ ішпеу керек, насвай атпау керек. Осылай жақсы өмір сүруі керек”, – дейді марафоншы Жаманбек Төлеутай.

Ол осыған дейін 93 республикалық және халықаралық жарысқа қатысыпты. 300-ге жуық медаль мен марапаты бар. Бүгінде Қарағанды қаласының ұзақ өмір сүру орталығына тұрақты келіп тұрады. Осында жүгіруден өзге тағы бірнеше үйірмеге жазылған. Олардан да үздік нәтиже көрсетіп жүр.

“Осы клубқа ашылғалы бері тіркелген. Осы аралықта 4-5 рет әр жерге барып, жүлдемен оралды. Ол бізге мақтаныш. Осындағы барлық үйірмеге қатысып жүр. Биге де, йогаға да, тренажоркаға  да қатысады өз уақытына байланысты”, – дейді "Ұзақ өмір сүру" орталығы директорының орынбасары Бекен Уахитов. 

Төлеутай Жаманбек қатысқан ең үлкен жарыстың бірі – 2006 жылы Үндістанда өткен дода. Сол сайыста қола жүлдені қанжығалаған.  Одан бері қанша уақыт өтті. Жақында жетпістің біріне келеді. Туыстары "енді аттың басын тартсаңшы"- деп те қалжыңдайды екен. Оған спортшының өз жауабы бар.

“Қарағандыдан Москваға жүгіріп бардық. 6 сағат жүгірдім, кейін 12 сағатқа қатыстым. Сосын тәулік бойы жүгіретін ультра марафонға қатысып көрдім.  Ол уже фанатиктер. Әйелім, балларым айтады, көршілерден ұят қой, қойсаңшы деп, бірақ тыныш отыра алмаймын, байлап қою керек”, – дейді марафоншы Төлеутай Аманбек. 

Төлеутай Жаманбектің айтуынша, Қарағандыда мықты марафоншылар көп. Тек оларға қолдау болмай тұр. Соның салдарынан жарысқа көбі өз жиған-тергенімен барады. Бұған Төлеутай сынды өзге жандардың жағдайы келе бермейді.

STAN.KZ
Жексенбі, 26 Ақпан, 2023 17:40