Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында беліне арқан байлап адамдарды құтқарған әкім оқиғаның мән жайын айтып берді

Желіде Түркістан облысында тасқын болған кезде көліктің төбесіне шығуға мәжбүр болған адамдардың видеосы тараған еді. Көліктің өзін біраз жерге жылжытқан қатты ағыста оларға Мыңбұлақ ауылының әкімі Ғалымжан Әкімбаев қол ұшын созған. Ауыл басшысының сөзінше жүкті әйел мен баланы құтқарар кезінде оны ағыс қайта-қайта алып кеткен. Stan.kz тілшісі әкіммен тікелей байланысып болған оқиғаның жай жапсарын, аймақтың қазіргі ахуалын сұрады. 

Ғалымжан Әкімбаевтың сөзінше ауыл сай салалы емес, тегіс жерде орналасқан. Тек қардың қалың жауып еруі мен жауын шашын әсерінен қыр арналары тасыған. Әкім ел аймаққа су басу қаупі туындаған сәттен-ақ іске кіріскендерін айтады. 

“Сол кезде қырдың суын өзен арнасына бұру жұмыстарымен айналысып жатқанбыз. Кенет бір кісі хабарласып, Мыңбұлақтың Шаян тасжолынан 15 шақырым жерде жеңіл автокөліктің селге түсіп кеткенін айтты. Мен Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, жанымда тұрған төрт-бес адамды ертіп алып жедел оқиға орнына бардым”,- дейді азамат.  

Ғалымжан Әкімбаев көлік үстіндегі адамдарды құтқару кезінде біраз кедергілердің болғанын жасырмады. Сөзінше сол кезде өзін де қайта-қайта ағыс алып кеткен. Тасқынның ортасында қалған көлікке жақындауға тырысқанымен жете алмапты.

“Мұзбен сел келіп, көлікті жылжытқан кезде бірінші ер адам секірді. Оны ағыс алып, қайта бұрылыста қолы ағашқа іліксе керек, сол арқылы жағаға шықты. Кейін мен жүгіріп айналып арғы жағаға бардым. Содан қасымдағы екі жгітке өзіме байланған арқанды беріп, суға түсіп едім, ағыс мені де алып кетті. Жағадағылар мені тартып шығарды. Келесі әрекетімде автокөліктің алдына қарай баруға тырыстым. Ағыспен жанына келгенімде аяғыммен тіреп, үстіндегі баланы жұлып алып кеттім. Жігіттер бізді жағаға бар күштерімен тартып шығарды”,- деп баяндады әкім.  

Азаматтың сөзінше, бәрінен де әйелді құтқару қиындау болған екен. Себебі ол қатты қорқып қалғанынан қолын созбай тұрып қалған.

“Ағыс күші итеріп, ол жерге әрең жеттім. “Бер қолыңды” деп айқайладым. Кейін қолынан тартқанымда ағыс екеумізді де алып кетті. Сол сәтте жігіттер маған байланған арқанды тартып бізді алып шықты”,- деді Ғалымжан Әкімбаев.

 

Оқиғадан соң зардап шеккен отбасы орталық ауруханаға жіберілген. Қазір жағдайлары жақсы екен. 

Әкім қазір су тасқынының беті қайтып, жағдайдың қалыпқа түскенін алға тартты. 

“Облыстан, аудан әкімінен техникалар дер кезінде жетті. Ауылымыздың кәсіпкерлері дорбалар мен құмдар әкеліп, барлық адамдарға резеңке етіктер, су өткізбейтін киімдер таратты. Бізде көп шығын болмады. Адамдар да, малдар да аман”,- деп қосты азамат. 

Ғалымжан Әкімбаев апаттық жағдайда алға шығып, көмекке ұмтылғанын батырлық деп санамайтынын айтады.

“Батырлық деген бір адамның ерлігі. Менің белімдегі арқаннан қаншама азамат ұстап тұрды, жағаға тартты. Сондықтан бұл соншалықты ерлік іс деуге келмейтін нәрсе. Осындай қысыл таяң уақытты бірлескен азаматтарға алғысымды айтамын”,- деді әкім. 

Еске салсақ, Түркістан облысында толасыз жауған жаңбыр мен қардың еруінен бірнеше елді мекенді су басқан болатын. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 03 Ақпан, 2023 16:47