Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыста баспаналары апатты деп танылған ондаған үй иелері қыста далада қалғалы тұр

Арыста баспаналары жарылысқа дейін апатты деп танылған ондаған үйдің иелері қыстың көзі қырауда далада қалғалы тұр. Оған сол ғимараттардың бірінші қабатында кәсіптерін дөңгелетіп келген іскер жандардың зарын қосыңыз. Билік ол үйлерге жөндеу жасамаймыз деп ұйғарыпты.

Арыста баспаналары апатты деп танылған ондаған үй иелері қыста далада қалғалы тұр

Ол заңды да. Алайда халық шенділердің ұсынған ақшаларына азсынып, алмай қойған. Жұрттың жан айғайы биліктің құлағына  жетті ме, еңіреген халықтың есебін әкімдік қалай таппақшы? Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жетпісті алқымдаған Имашәріп қария баспанамның жайын айтып бармаған жерім қалмады дейді. Үйін жөндетемін деп зыр жүгіріп жүргенде жүректен де қалған көрінеді. Қолындағы кенжесін алып, 1-қабаттағы ұлы мен келінінің қолына көшіп барыпты. Енді аядай үйді 7 жан мекендеп отыр. Жарылыстан кейін тас-талқаны шыққан есік-терезелерді  де өз күштерімен амалдап бүтіндеген.  

"Әйнек есіктің бәрі целлофанмен жаптық. Есіктерді жаптық. Үлеп жатыр ғой. Немерелерім  қайта -қайта ауырып жатыр. Екі рет жатып шықты  больницаға", - деді Арыс тұрғыны Иманшәріп Әбдухманов. 

Бар гәп бұл үйдің  2016 жылы апатты деп танылғандығында. Осыдан үш жыл бұрын орталық көшенің қасбетін бірыңғай етіп жөндейміз деген әкімдік оның бойындағы ғимараттарға сараптама жасатыпты. Оншақтысын төтенше жағдай мамандары тұруға болмайды  деп таныған. Соның ішінде Иманшәріп ақсақалдың да үйі бар. Алайда отбасы бұл шешіммен келіспей, жабулы қазан сол күйі қалған екен.  Жарылыс жағдайы ушықтырғанда ғана  шенділер үй иелеріне ақша ұсыныпты.  

"Ол екі миллион ақшасына мен ештеңе ала алмаймын. Тамы да керегі жоқ,   басқасы да керек жоқ. Үйімді салып, жөндеп берсін. Жарылыстан кейін көмек берсін. Артық нәрсе сұрап жатқан жоқпын", - деді тұрғын Нұрсұлтан Әбдухманов.

Осындай ғимараттардың бірінші қабатынан кәсіп ашып алғандардың да зары биліктің құлағына жетер емес. Бауыржан Сәбденовтың тіс емдейтін кабинетінің сиқы мынау. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өзге ғимарат ұсынған екен, оған барудан бас тартыпты.  Ақшасына да көнбеген .    

«Ол ақшаға көңілім толмайды, мен оған не кабинет,  не  қажетті құрылғы сатып ала алмаймын. Берген ғимараттары да алдағы жылдары ғана салынғалы жатқан кәдуілгі бір қабатты жер үй. Оның үстіне ол жерге адам аяғы бармайды, мен сонда айдалада қалай кәсіп жасаймын. Мына  кабинетімді жөндеп берсін деп талап етемін!», - деді дәрігер Бауыржан Сәбденов. 

Арыста осы сынды он шақты отбасын арнайы кезекке қойған билік оларды біртіндеп жаңа ықшамауданға көшіріп жатыр. Жеті отбасы енді қоныс тойын әскери қоймаға жақын тұрғын жұртпен бірге тойламақ.      

Арыс шетінде пайда болған жаңа ықшамауданды билік "Баламекен"  деп атауды ұйғарыпты. Бұл жерге әскери қойма маңында тұрған жұрт қоныстанып жатыр. Оларың үйлері толығымен өртеніп кеткен екен. Билік қауіпті аймаққа енді үй тұрғызбаймыз деп ұйғарыпты".

Ал қалған жұрттың қайда барары белгісіз. Тұрғындардың зарын арқалап облыс әкімі орынбасарының алдына бардық.  

"2015-2016 жылы апатты болғандар олар тізім бойынша алады. Олардың мына жарылысқа еш қатысы жоқ", - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұханбетов.

Облыс әкімінің орынбасары  бар мәселені қала басшысына ысырып қойды. Шаһар әкімінің де әңгімесі әрі ойна дегенге келіп саяды.

"Тұрғын үй мәселесі ол кезекпен беріледі. Мысалы 2000 үй кезекте тұр ғой.  Олардың бәріне  үй тауып  беріп жатқан жоқпыз. Қайда тұруға  керектігін біз шешуге  міндетті  емеспіз. Ол тұрғын үйдің иесі өзі шешу керек", - деді Арыс қаласының әкімі Болат Қадырбек. 

Бұл шенеуніктердің зар илеген тұрғындарға өз қотырларыңды өздерің қасыңдар деген түрі. Жылаған жұрттың бар үміті алдағы жылы салынатын құрылыста. Ал олардың биыл  қалай қыстайтынына жағалылардың жағы ауырмайтын да көрінеді.

Талқылау