Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жалған ақша жасаумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

Жалған ақша жасаушылар өз пәтерін шеберханаға айналдырып, ақшаны айналымға енгізіп отырған. Күдіктілердің бірі бұрын ақша жасаумен айналысқаны үшін сотталған.

Алматыда жалған ақша жасаумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Астыртын цех қаладағы Ақсай ықшам ауданында орналасыпты. Пәтерлердің бірін ұйымдасқан қылмыстық топ ақша шығаратын шеберханаға айналдырған. Бұл кәсіппен бірнеше айдан бері айналысып келіпті. Ал полицейлер іздеріне түскенде айғақ заттарды жойып жібермек болған. Тәртіп сақшылары алдымен өрт сөндірушілерді шақыруға мәжбүр болған.

Пәтерді тексеру барысында 3 ноутбук, бір компьютер, принтер және ақша жасауға қажетті бояулар мен құралдар және ақшаға бедер салатын нығыздағыш табылған. Ал компьютерде шығаруға әзірлеп қойған ақшаның үлгілері бар екені анықталды. Күдіктілер көбіне 500 және 5000 теңгелік купюраларды әзірлеумен айналысқан. Еденнің астына жасырылған қоймадан 308 мың теңге жалған ақша тәркіленді. Күдіктілерге жалған ақша жасау және нарыққа енгізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Бұл астыртын цехта Алматы қаласының үш тұрғыны жұмыс істеп келген. Яғни, біреуі жасаған болса, тағы да қасындағы көмекшілері олар нарыққа енгізумен айналысып келген. Жалған ақша көбіне 500 және 5000 теңгелік номиналды суммалар болған", - деді Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.

Күдіктілердің бірі жалған ақша жасаумен айналысқаны үшін сотталып, бір жыл бұрын бостандыққа шығыпты. Алайда көп ұзамай ескі кәсібіне қайта оралыпты. Жалпы жыл басынан бері Алматыда 5 миллион теңге жуық жалған ақша тәркіленген болатын. Бұл қаржының қаншасы осы топқа тиесілі екенін анықталатын болады.

Талқылау