Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заңгер: Зейнетақы қоры басшыларының әрқайсысы бір айда 2,5 миллион теңге жалақы алады

Халық ай сайын тапқан жалақысынан жырып беретін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» басшыларының әрқайсысы бір айда 2,5 миллион теңге жалақы алады екен.

Қарапайым қызметкерлерінің еңбекақысы да 400 мыңнан төмен емес. Заңгер Жангелді Сүлейманов осы ақпараттарды көпшілікке  жариялай отырып, қордың айналасындағылар мұндай қомақты сома алатындай не тындырды деп сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ал экономистер болса, қордағы қаражат тиімді қолданылып жатқан жоқ, әр азамат өз салымын өзі басқаруы керек деген бастама көтеруде. Зейнетақы қоры-қамсыз қарттықтың кепілі деп айтамыз. Бірақ оған кім кепіл?

Басшыларының әрқайсысы кемі 2,5 миллион теңгеден жалақы алатын мегакорпорацияның атауы - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры». Жақында бұл мекеме кірісі, шығыны әрі табысын бір есептеп ақпарат жариялаған. Бірақ, ондағы сомалардың дені жалған статистика екенін қоғам белсенділері дәлел келтіре жазды.   

«5 бірдей басшылық құрамдағы азаматтың әрқайсысы айына 2.5 миллион теңге жалақы алып отыр. Есептерін ашып қарайтын болсақ, барлық деңгейдегі қызметкерлерге жалпы қанша қаражат жұмсағанын көрсетіпті. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» бес басшысына 136 миллион теңге еңбекақы берілген. Не үшін? Бізде министрлер бұдан аз алады. Қордағы қалған 1500 қызметкерге 7.2 миллиард теңге жалақы төленген. Бұл орташа есеппен 400 мың теңгеден. Бұл жер экономикалық тұрғыдан ғаламат табыс әкеліп отырған кәсіпорын ба? Мұнай саласында мұндай төлемдер жоқ», - деді Сүлейменов. 

Бұл ақпараттың шын-өтірігін анықтайық деп лезде зейнетақы қорына хабарластық. Кім қанша жалақы алып отырғанын ашып айтпады. Қатардағы қаржы саласының мамандарына төленетін соманы бізде алып жүрміз деп жауап жазып жіберген.

Қор қызметкерлері жалақысының көлемі олардың лауазымы, біліктілігі, қызметтік міндеті және жауапкершілігіне сәйкес тағайындалады. БЖЗҚ-да орташа жалақы көлемі Қазақстан бойынша орташа жалақы көлемінен жоғары емес. Жұмыскерлерге жұмыс нәтижесі бойынша төленетін сыйлықақыны ескеретін болсақ, БЖЗҚ-дағы жалақы деңгейі қаржы саласындағы орташа атаулы жалақыға жақындатылған, бірақ одан 25 пайызға төмен.

Салымы бар, бірақ өтемі мен табысы төмен қаржылық операциялар «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында» жетіп артылады.

Бұл экономист мамандардың пікірі. Сондықтан, аталған мекеме халықтың қаражаты қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық айтпаса, азаматтар өздері басқаратын мүмкіндік беру керек деген пікірде.

«Қазіргі жүйемен 3 жылдың ішінде жинақтайтын болсақ 750-800 мың теңге көлемінде болады екен. Теңгелік депозитке өз аударымдарымызды салатын болсақ та, оның инфляцияның айырмашылығын қарайтын болсақ, 850-900 мың болады екен. Ал оны сұранысқа ие шетелдік валютадағы депозитке салсақ мысалы доллар, онда 3 жылдағы зейнетақы аударымдарының көлемі басқа влютада болған кезде ол 1 миллион 600 не 700 мыңға дейін барады екен. Яғни, 24 пайызға оның тиімділігі артады», - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып, анық түсініп алуы керек. Экономистер азаматтарға өз салымын бақылауға беру керек дегені, жинаған ақшасын алып-салып, қалауынша ұстап жүре беруге болады дегенді меңзеп отырған жоқ. Мәселе мынада:

«Қазіргі біздің зейнетақы жүйесі сияқты орталық не қор құрылуы керек. Сол қорға қаражат түсіп отыруы керек. Мұны жеке тұлғаның басқаруына беруге болмайды. Мұны мемлекет бір орталықтан басқарып отыруы керек. Егер жеке тұлғаның иелігіне беретін болсақ, уақытша пайдалана тұратын деп ақшаны алып алып орнына қайтадан қоя алмауы мүмкін. Қор түскен қаражат белгілі бір мақсатқа ғана жұмсалуы керек. Бұны жеке тұлғаның жеке мақсатына қолданбауы керек», - деді экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғалымбек Керімбек. 

Яғни, әрбір азамат өз шотындағы қаражатты табыс әкеледі-ау деген салаларға құюға құқы болуы тиіс. Ал ондай бағыттарды мемлекет саралай отырып анықтап беруі керек. Бұл мәселеге қатысты депутат Қазбекованың пікірін тыңдап көрейік.

«Қаражатын депозитте ұстау ол мүмкін емес. Себебі, ертең бәрібір олар мемлекеттің мойнына отырып зейнетке шыққанда бәрібір мемлекетке қарап отырады. Бірақ зейнетақы салымын дұрыс пайдалану  ол өте қажет», - деді депутат Меруерт Қазбекова. 

Егер де салымдардың барлық есебі нақты көрсетіліп, қанша табыс түскені айтылып отырса ешкім де дауласпайды, мемлекеттің де мойнына отыруды көздемейді, дейді сарапшылар. Қолды бір сілтеу айналып келгенде кері байланыстың болмауынан туындайтынын Бауыржан Искаков растап отыр.

«Мағлұматтар жоқ. Біз білмейміз ақшаларымыз айналымда жатыр ма әлде ол инфляцияның құрығына ілініп қалды ма немесе девальвациялық толқындарға түсіп жатыр ма? Халыққа ақпарат жоқтығынан мәліметтер ала алмаймыз. Зейнетақы қоры халыққа қолжетімді болуы керек», - деді экономист Бауыржан Ысқақов. 

Әр азамат өзінің зейнетақы қорындағы салымын басқара алатындай жағдай жасауға болады. Сарапшылардың айтуынша осы ретте тағы бір мәселе туындайды екен. Оған халықтың қаржылық сауаттылығы жете ме? 

Талқылау