Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Мұқағалидің мойнында өстім»: Мәдениет министрі өзіне айтылған сындардан кейін түнімен көз ілмегенін айтты

Қазақ тіліндегі 3 мыңнан аса терминнің қайта бекітілетінін айтқаннан кейін көпшіліктің сынына іліккен мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл мәселенің қайта қаралатынын айтты. Ол қоғамның пікірін ойлап, түнімен көз ілмегенін жасырмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Мұқағалидің мойнында өстім»: Мәдениет министрі өзіне айтылған сындардан кейін түнімен көз ілмегенін айтты

Жаңадан тағайындалған министр терминдерді қайта бекіту туралы мәлімдегеннен кейін, сын айтушылардың ішінде «Жазушының қызы осы ма?» дегендердің болғанын айтты. Ол өзінің жазушы, журналист Рахметолла Райымқұловтың қызы екенін атап өтті. Мұнымен мақтанамын, дейді министр.

«Журналистердің арасында өсіп, қаншама жазушыны көрдім. Мұқағали ағамыздың мойнында отырып өскен қызбын. Сондықтан әрқашан тілімізді ардақтаймын. Кешеден бері түнімен ұйықтамай, аз да болса дұрыс айтпадым ба деп қатты қобалжыдым. Өйткені мәдениет және спорт министрлігінің үлкен жұмысы бар», - дейді Райымқұлова. 

Өз сөзінде мәдениет министрі терминдерді қайта бекіту мәселесінің қайта қаралатынын және қоғаммен талқыланатынын айтты. 

«Ең алдымен, жасаған жұмысты БАҚ-пен, халықпен талқылау керек. Әрбір сөзді көрсету керек. Осы жұмысты қолға аламыз. Қазақтың қызымын, кеңестік кезең болса да қазақ мектебін бітірдім. Сондықтан кеше түсінбеушілік туындаса, бұл сіздердің маған деген теріс көзқарасыңыз емес, тілге деген жанашырлық деп есептеймін», - деп түйіндеген министр көпшілікке алғыс білдірді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтоты Райымқұлова қазақ тіліндегі 3 мыңнан аса терминнің қайта бекітілетінін мәлімдеген еді. Бұл ұсынысты қазақстандықтардың бірі қолдаса, екіншілері қарсылық білдірді. Тележурналист Мәди Манатбек те қарсылық білдірушілердің қатарынан табылып, мұның барлығы билік пен халықтың өзара тіл табысуына үлкен кедергі болатынын жеткізді.

Талқылау