Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Биыл үйленгелі отырмын": Асланбек Жақыпов 7 жылға сотталуы мүмкін

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотында Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директоры Асланбек Жақыповқа қатысты алғашқы сот тыңдауы болды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Судья Қанат Тобағалиұлының сұрақтарына жауап бере отырып, алаяқтық бойынша айыпталған шенеунік 1987 жылы үшінші тамызда Ақмола облысы Көкшетау қаласында дүниеге келгенін айтты. 

"Заң және экономика бойынша екі жоғары білімім, саясаттанудан магистрлік дәрежем бар, әкімшілік іс бойынша доктормын. Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаменті директорымын. Үйленбегенмін. Осы жылы үйленуді жоспарлап отырмын", - деді Жақыпов. 

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі Асланбек Жақыповтың қызметінен қуылмағанын не босатылмағанын, қазіргі таңда кезекті еңбек демалысында екенін айтты.

Мемлекеттік қызметкердің ісі бойынша прокурор Мұрат Еділ сөз сөйледі. Отырыс басталғаннан кейін айыпталушы мен зардап шегуші тарап сот отырысын 29 мамырға қалдыру туралы судьяға өтініш берді. Судья тараптардың өтінішін қабылады.

Шенунікке ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы үшінші бөлігі бойынша (жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамның жасаған алаяқтығы) айыпталып отыр. 

Бұл баппен кінәлі деп танылса, мүліктерін тәркілей отырып үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ өмір бойы тиісті лауазымдарды иелену құқығынан айыру жазасына тарту көзделген. 

Еске сала етсек, Асланбек Жақыповқа биыл сәуір айында 500 мың теңге көлемінде (бір долларға 380 теңге бағамында 1300 доллардан жоғары) пара алды деген айып тағылды. Кейінірек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ұлттық экономика министрлігіндегі бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты.

Талқылау