Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миына кірген: Алматы облысында төбелес кезінде басына бұрағыш қадалған жігіт мүгедек болып қалуы мүмкін

Алматы облысында басына бұрағыш қадалған жігіт мүгедек болып қалуы мүмкін. Дәрігерлердің дер кезінде көрсетілген көмегінің арқасында ол комадан шыққан. Бірақ, миына 5 сантиметр темір кіргендіктен жуық арада жүріп кетуі екіталай.

Туыстары ауыр жарақат салған күдіктіні қатаң жазаға тартуды сұрауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Есік қаласының тұрғындарын дүр сілкіндірген оқиға 22 тамыз күні Амангелді мен Кашевой көшелерінің қиылысында орын алған. Жәбірленуші жігіт осы жерде өзінің досымен кездескен. Жергілікті тұрғындармен арада кикілжің орын алып, соңы ауыр жарақат алумен аяқталған. 

Видеодан басына бұрағыш сұғылған азаматтың қимылсыз жатқанын көруге болады. Ал тағы бір жігіт оған қайта-қайта ұмтылуда. Куәгерлер күдіктіні тоқтатып, бірден жедел жәрдем шақырыпты.

Бас сүйек ішінен есептегенде бұрағыш 5 сантиметрге дейін кірген миға.

Ес-түссіз жатқан жігітті дәрігерлер бірден жансақтау бөліміне жатқызып, шұғыл түрде ота жасаған. Науқастың басына кірген затты ауруханаға дейін суырып алғандықтан миына қан құйылу қаупі туыпты. Дер кезінде көрсетілген көмектің нәтижесінде науқастың беті бері қараған.

«Шұғыл түрде уритный нейрохирург келіп операция жасады. Операцияның арқасында науқас бір күннен кейін есін жинай бастады. Бұндай жарақаттан кейін науқастар көбіне тірі қала бермейді», - деді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Ердос Оразбай.

Отадан кейін ол комадан шығыпты. Бөлімшеге ауыстырылғанымен не болғанын әлі білмейді екен. Оң қолы мен аяғы істемей қалған. Қазір сәл қимыл пайда болыпты. Дәрігерлер өз бетінше жүруі үшін кем дегенде екі жыл кетуі ықтимал деген жорамал жасауда. Анасының айтуынша осы күзде үйленуді көздеген екен. Баласын өтіруге оқталған күдіктінің ауыр жазаға кесілгенін қалайды.
«Жасаған кісіге айуандық сияқты. Адамның өміріне қастандық қой. Мен енді білмеймін кешіру дегенді, кешіре алмаймын. Қатаң жаза қолдағанын ойлаймын. Жалғыз балам ең кенже бір тал ұлым. Әлі үйленбеген де», - дейді жәбірленушінің анасы Гуля Байтасова.

Қазір осы фактіге байланысты Еңбекшіқазақ ауданының 49 жастағы тұрғыны қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алыныпты. Қылмыстық іс "қасақана ауыр дене жарақатын салу" бабы бойынша қозғалыпты. 

Талқылау