Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені және туыстарымды өлтіретінін айтып, қорқытты": Бас прокуратура Владислав Челахтың хатына қатысты жауап берді

Арқанкерген шекара бекетіндегі 15 адамның өліміне кінәлі деп танылып, өмір бойына сотталған Владислав Челах президентке хат жазған еді. Өз өтінішінде ол қылмыстық істі қайта қозғауды сұраған. Челахтың хатынан кейін Бас прокуратура жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Челах

Владислав Челах өз хатында түсініктеменің азаптау арқылы алынғанын жазды.

"Мені азаптау, алдау және психотроп заттар көмегімен алынған түсініктемеге сүйеніп соттады. Судья қылмыстық процесті әділдік орнатуға ұқсамайтын әскери-сот тақырыбындағы көркемдік қызметке айналдырып жіберді", – деп жазды ол. 

Сөзінше, тергеуші өзін және туыстарын өлтіретінін айтқан. 

"Түсініктемемді тіркемей, мені шындықты жасыруға мәжбүрледі. Қайғылы жайттың жай-жапсары сол күйі ашылмай қалды. Сізден көп нәрсе сұрамаймын, бар болғаны сөзіме құлақ асып, болған оқиғаны баяндауға мүмкіндік беріңіз. Бұл үшін адал әрі тәуелсіз тергеушілер керек. Іс материалдарымен танысуыма мүмкіндік берсе, жалған дәлелдерді көрсетер едім. Бәрі қалай болғанын айтып бергім келеді, түсініктеме беруге дайынмын", – деді Челах. 

Басылымның мәліметінше Бас прокуратура Владислав Челахтың хатын алғанын растаған. 

"Бас прокуратураға Челахтың заңсыз қамалғаны туралы хаты түсті. Әскери соттан қылмыстық іс материалдарын сұраттық. Материалдар келгеннен кейін заңмен белгіленген мерзім ішінде тұтқынның сөзін тексереміз", – деді Бас прокуратурадағы 2-қызмет басшысының орынбасары Радымхан Дубаева.

Еске салайық, Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Арқанкерген" бекетінде 15 адамды өлтірді деп айыпталып, өмір бойына сотталған Владислав Челах Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, тергеуді қайта бастауды сұраған еді. Сонымен қатар ол "Арқанкергендегі оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын" айтуға дайын екенін мәлімдеген. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 12 Қаңтар, 2023 13:33