Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені саусақпен нұқып, мүгедектігімді бетіме басатын":  "Qalayym live"-тің атышулы қатысушысы не себепті өзін түсінетін жігіт іздейді?

"Евразия Бірінші арнасындағы" атышулы "Qalayym live" жобасының қатысушылары Дәулет пен Дарина әлеуметтік желілерде ең көп талқыланатын жұптардың бірі. "Бір-біріне жараспайды" дегендей сын да көп айтылады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатта Дарина екеуінің қарым-қатынастары туралы бүкпесіз ашық айтып берді.

Дарина

– Дарина, сендерді бір-біріңе сай жұп емес деп айтып жатады. Оған қалай қарайсыңдар?

– Иә, біз Дәулет екеуміздің мінезіміз бір-бірімізге келмейді. Мен - солтүстіктің қызымын. Ерте есейген соң да бәрін өз қалауыммен істеймін. Ал Дәулет маған қарағанда сабырлы. Ашуланғанда ғана басқа болып кетеді. Екеуміз жиі ұрысып қаламыз. Бірақ менің ашуым тез қайтады.  

– Жігіттерге неге көп ашуланасың?

– Менде жігіттерге деген реніш бар. Бала кезімнен қалып қойды. Бұрын олар мені саусақпен нұқып, мүгедектігімді бетіме басатын. Әрине, қазір жағдайым жақсы. Түріме қарап, аяғыма протез салынған деп ешкім айтпайды. Мен 19 жасымнан бастап жүруді үйрендім. Мұндай отаны он жылда бір рет жасатып тұру керек. Сондықтан да өзіме жағдайымды түсінетін жігіт іздеймін. Аяғымның кемістігін бетіме баспай, әр уақытта қолдап отырса деймін. Өйткені еркектер сыртқы келбетке қарайды ғой. 


Тағы оқыңыз


– Аяғыңа не болды?

– Туғаннан менің бір аяғым қысқа болған екен. Тек 15 жасымда бір аяғымды дұрыс баса алмайтыным біліне бастады. 19 жасыма дейін ақсаңдап жүрдім. Әрине, қатты білінбейтін. Бірақ жасым өскен сайын да аяғым бес сантиметрге қысқарып кеткен. Содан аяғымды түзеу үшін үш рет ота жасаттым. Бірақ ота еш көмектеспеді. Тек төртінші рет жасағанда ғана аяғым түзелді. Қазір өте жақсы. 

– Сонда аяғыңа бола жігіттер сенімен араласпайтын ба еді?

– Нағыз өтпелі кезеңде мен аяғымның ақауын біле бастадым. Сыныптастарым, танысқан жігіттер "аяғыңа не болған" деп көп сұрайтын. Олардың сөздері қатты әсер ететін, сол себептен де жігітке үндемей тұра алмайтын сияқтымын. Ойыма не келсе, соны айта саламын. Біреуді кемсіту үшін емес, тек сол қалып қойған реніштен болу керек. Қатарластарың демалып жатқанда мен төсекте таңылып жататынмын. Осы нәрсе менің көңіліме қаяу түсіретін. 

– Қазір жағдайың толықтай оңалды ғой...

– Көп жүргенде аяғым қатты ауыра бастайды. Сол кезде ойыма «Күйеуім кейін бұған не дейді?» деген сұрақ келеді. Өйткені адамдарға денсаулығымда ақау барын ешуақытта көрсеткім келмейді. Мен ерте есейген қызбын. Әкеміздің арамыздан кеткеніне үш жыл болды. Содан бері анам мен бауырларыма көмектесіп келемін.

– Немен айналысасың?

– 18 жасымнан бері қас жасаумен айналысамын. Өз ісімді сүйіп істеймін. Сұлулық салоным бар. Сіңіліме және анама қарайласып жатырмын. Өйткені әкеміз болмағасын, басқа сенетін адамымыз жоқ. Мен үшін отбасымның амандығы маңызды. Сол артымнан ілескен бауырларым ештеңеден таршылық көрмесе екен деймін. Павлодардан Алматыға алғаш келгенімде қалтамда тек 100 мың теңге ғана бар еді. Сол кезде ақша бітіп қалса да анама айтпай, өз күшіммен осы күнге жеттім. Үш жыл күн-түн демей екі жерде жұмыс істедім. Осылай ақша жинап, жазда өз сұлулық салонымды ашуға бел будым. Қазір жұмысым жақсы жүріп жатыр.

– Өз-өзіңнің жағдайыңды жасап жүрген қызсың. Бірақ кейде жалғыз өзің тыпырлап жүргенде шаршайтын кездерің бола ма?

– Бағдарламадан соң кешке сұлулық салоныма барып, түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеймін. Әрине, кейде шаршайтын кездерім болады. Сондайда «Дарина, жұмысқа бармай-ақ қой, үйде отыра бер» деп айтатын ер адамымның болғанын қалаймын. "Qalayym live" бағдарламасына сол үшін де өз жартымды іздеп келдім.

Талқылау