Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында сынып жетіспеген соң, мектеп директоры өз кабинетін босатып дәлізде отыр

Алматы облысының Долан ауылында мектеп директоры сол мектептің дәлізінде отырып, жұмыс атқарады екен. Сонымен қатар ұстаздар бөлмесі де дәлізде орналасқан көрінеді. Оның себебін мектеп басшылығы сабақ өтетін сыныптардың жетіспеуінде деп түсіндірді. Жергілікті халық 16 жыл бойы жаңадан мектеп салып беруді өтініп келеді екен, бірақ биліктің бұған көңіл бөлер түрі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтемеме жасап. 

Мектепте лық толған сыныптан бөлек, асхана және дәретханада жоқ. Долан ауылында тұратын балалардың дәл осындай мектепте оқуларына тура келіп отыр. Ал мектепке бұдан былай оқушы сыймайтынын ұстаздар да, ата-аналар да осыдан бірнеше жыл бұрын байқапты. 

Бүгінгі күні мектептегі оқушылардың саны 178-ге жетіпті. Олар 3 ауысыммен сабақ оқиды. Ал төртінші сыныпты бітірген соң, балаларға мүлдем басқа мектепке ауысуы қажет. 

Ата-аналардың айтуынша, балалары 4 сыныптан асқаннан кейін алыста орналасқан басқа оқу орнына қатынайды екен. Оларды күні-түні қадағалап, уайымнан көз ашпаймыз дейді олар. Жергілікті билік бірнеше жылдан бері мектепті әне саламыз міне саламыз деп келе жатқан көрінеді. Тұрғындарыдың сөзінше, тіпті, мектепке арнап жер де бөлініп қойған. Бірақ құрылыстың басталатын түрі жоқ. 

Ауыл әкімінің сөзінше, мектепке әлі жер бөлінбеген. Қазіргі таңда мектеп салынуына дайындық жүріп жатқан көрінеді. Әкімдік тек бөлінетін ақшаны күтіп отырғанын жеткізді. Егер ақша тезірек бөлінсе, мектеп құрылысы бірден басталады деп сендірді.

Ал тұрғындар әкімнің сөзін жалған уәделердің бірі деп атады. Бірте-бірте олар мектепті өз күшімізбен салатын шығармыз деген ойға келіп жатыр екен.
 

Талқылау