Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Медициналық көмекті марқұмдар да алып жүр": Депутат Базарбек МӘМС жүйесіндегі жемқорлық туралы айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесінде, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жең ұшына жалғасқан  жемқорлық барын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Базарбек жемқорлықпен жүйелі түрде күреспесе, мемлекеттің денсаулық сақтау саясаты құрдымға кетеді деп есептейді.  Ол медициналық қызметке тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді.

“Мәселен, 2023 жылы Астана қаласының прокуратурасы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 2500 адам негізсіз қызмет алған, олардың арасында марқұмдар да бар. Іс жүзінде олар ауырмаған, тіпті кейбірі қайтыс болып кеткен. Кейбірі Астана қаласында тұрмайды. Алайда олар медициналық қызмет алып жүрген. Салдарынан бюджетке жүздеген млн теңге шығын келтірілген. Олар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық іс қайда? Сіз айтқан қылмыстық істер қайда? Мұнда мемлекет қаржысы жымқырылды. Сондықтан қылмыстық іс қозғау керек”, - деді депутат Мәжілістегі үкімет сағатында.

Бақытжан Базарбек статистикалық деректер келтіріп, бюджетке қанша шығын келгенін тізіп айтты. Оның айтуынша, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында бюджетке 847 млн теңге шығын келген. 

"Жалпы 2019 жылы – 291 млн теңге, 2020 жылы – 240 млн теңге, 2022 жылы – 403 млн теңге "мертвые душиға" артығымен төлем жасап, бюджетке қомақты шығын келтіріліп отыр. Қылмыстық істерді қашан күтеміз? Бюджеттің ақшасын толық сыпырып алғаннан кейін қылмыстық іс қозғайсыздар ма?", – деді депутат. 

2023 жылы денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген. Депутат  Базарбек 1 трлн теңгенің қайда жұмсалғаны жайлы Денсаулық сақтау министрі әлі күнге дейін есеп бермегенін айтты.

“Қайта кетті 1 трлн теңге? Қалтаға түсті ме? Кімнің қалтасына түсті? Оның қайда кеткенін біз біле алмай жүрміз. Біз мәселені жемқорлықтан бастауымыз керек. Жемқор осында  отырған шығар”, - деді мәжілісмен.

Талқылау