Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маска кимей "Магнумға" кірмекші болған: Компания өкілі сатып алушымен төбелескен күзетшінің қылығын түсіндірді

Бүгін әлеуметтік желілерде "Magnum" супермаркеттер желісіне маскасыз дүкенге кірмекші болған азаматты күшпен сыртқа шығарып жатқан күзетшінің видеосы желіде таралған еді. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі "Magnum" компаниясының PR-менеджерімен байланысып, оқиғаға қатысты түсініктеме алды. 

магнум

"Алматы қаласындағы дүкендердің бірінде ондай жағдайдың болғаны рас. Зат сатып алмақшы болған кісіден жақын маңдағы дәріханаға барып маска сатып алуды қызметкерлер сұраған. Шынында да сол маңда дәріхана бар. Бірақ сатып алушы бұған келіспеген. Әрі қарай видеодан көргендеріңіздей, күзетші күш қолдануға мәжбүр болған", - деді Магнум компаниясының PR-менеджері Дмитрий Шишкин. Ол заң бұзған азаматты полицияға ұстап бере алмағанын айтады. 

"Дәл сол сәтте полицияны шақырып үлгермедік. Бірақ жақын күндері құқық қорғау органдарына жүгінетін боламыз", - деген "Magnum" компаниясының PR-менеджері Дмитрий Шишкин күзетшінің жасаған қадамы дұрыс екенін атап өтті. 

"Күзетшілер барынша жанжалдың болмауын қадағалайды. Бірақ та сатып алушылар дау тудырып, төбелеске дейін барса, біз полиция шақырамыз. Біздің күзетші өзін өте дұрыс ұстады. Ол сатып алушыға жол көрсетпекші болғанда азаматтың өзі тап берген", - дейді компания өкілі.

Сонымен қатар, даудың басы маскаға байланысты болған соң компания осы мәлесені тезірек шешуді қарастырып жатқанын айтады. Сатып алушыларға тегін маска ұсынуды былай қойғанда, қызметкерлердің өзін маскамен қамтамасыз етудің қиын болып тұрғанынын жеткізді PR-менеджер.

"Сатып алушыларға берілетін тегін маскаларға қатысты айтатын болсам, егер беруге мүмкіндік болса, өзінің нормаларымен беріледі. Бірақ біз тек компания қызметкерлеріне ғана бере аламыз. Барлық қала бойынша біздің 10 мыңға жуық қызметкеріміз бар. Олардың әрқайсысына күніне кем дегенде 4 маска беру қажет. Ереже бойынша біздің қызметкерлер тек бірреттік маскаларды ғана таға алады. Әр күн сайын 40 000 маска табудың өзі бізге қиындық тудырып тұр. Ал келген сатып алушыларға өз дүкенімізде маска сатып ала алуы үшін "Еурофарм" компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - дейді Дмитрий Шишкин.

Сондай - ақ компания өкілі дәріхана бизнесімен айналысатын барлық кәсіпкерлерге супермаркеттер желісінде өз маскаларын сату үшін тегін орын беретіндерін айтып, әріптес болуға шақырып жатқандарын жеткізді. Тағы айта кететін бір жәйт, жақын күндері көпреттік маскаларды "Magnum" желісінен сатып алуға болады. 

"Төтенше жағдайларға байланысты маскасыз кіргізе алмайтын болған соң, елімізде масканың жетіспеушілігін ескеріп, дүкенге келетін сатып алушылардан ең болмағанда таза орамалмен болсын беттерін тұмшалауды сұраймыз", - деген компания өкілі сонда күзетшілер дүкенге ешқандай мәселесіз кіргізетінін айтады. 

 

Талқылау