Мәселеге әкімдік араласты: Маңғыстау облысында 200-ге жуық қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін
Маңғыстау облысында мұнай саласында сервистік қызмет көрсететін "Мобил сервис" серіктестігінің 200-дей қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі басшылық келесі айдан бастап жұмысшылармен келісімшартты тоқтататынын мәлімдеген. Мұны естіген азаматтар нәпақасыз қалуды ойлаудың өзі қорқынышты дейді. Қазір мәселені шешу үшін Маңғыстау облысы әкімдігі де араласқан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Қызметкерлердің айтуынша, "Мобил сервис" басшысы 1 наурыздан бастап қызметкерлерді жұмыстан шығатындарын ескерткен. Мұндай шешім қабылдауын компанияның тендерге қатыспауымен түсіндіріпті. Отбасыларын асырап отырған жұмысшылар бұл шешімге қарсы. Себебі жұмысқа сенген олардың көпшілігі несие алған екен.
“Тендер бітті дейді. Тендер біткенде кім тендерді алады? Біздің "Мобил сервис" ала ма, жоқ басқа мекеме ала ма? Ертең басқа мекеме алған жағдайда біз жұмыссыз қалмауымыз керек. Ертең жұмыссыз қалғанда қандай жағдай болатынын білмеймін. Бәрінің отбасы мен несиесі бар”, – деді жұмысшы Мақсат Боранбаев.
“Зейнетақы қорына қарсы дұрыс түспегендіктен құзіретті органдарға арыз жаздық, қаржы тек осыдан кейін түсті. Сосын тағы тоқтап қалды.Оның үстіне еңбек демалысына шықсақ, айлық тек демалыс аяқталған соң түседі”, – дейді Асан Қожабаев.
Компания жұмысшыларының сөзінше, кәсіпорын қызметінде шикіліктер көп. Оның үстіне жақында кейбір жұмысшыларды ақысыз демалысқа шығуға мәжбүрлеген екен. Қазіргі таңда еңбек инспекторлары жұмысшылардың арызы бойынша жұмыс істеуге кірісіпті.
“Қазіргі таңда "Ойл констракшн компания" ЖШС және "Мобил сервис груп" мекемесінің арасындағы шартты 1 сәуірге дейін ұзартты. 1 сәуірге дейін екі мекеменің арасындағы мәселелер талқыланып қаралады”, – деді Маңғыстау облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Ақгүл Аманшаева.
Еңбек инспекциясының өкілдері серіктестіктің жұмыс көлемінің азаюына байланысты жұмысшыларды қысқарту туралы шешім қабылдағанын айтады. Әрі осы мәселеге таяуда тағайындалған облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев араласып, азаматтарды нәпақасыз қалдырмау жағын шешуге тырысатынын жеткізді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік