Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Махаббатты таңдадым": Әсел Сәдуақасова сүйіктісіне сезімін білдірді

Отандық актриса Әсел Сәдуақасова арманындағы ер азаматты кезіктіргенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

©instagram.com/asselsadvakassova

Соңғы уақытта психологияға бет бұрған актриса оқырмандарына басынан өткен қызық оқиғасын, арманындағы ер азаматпен не себепті айрылысып кеткенін айтып берді. 

“Мінсіз көрініс – мінезі, жақсы қасиеттері, маған деген қарым-қатынасы, сырт келбеті, барлығы мен армандағандай. “Әсел, қуанып, өмір сүр, болашағыңды жоспарла, арақатынастың келесі сатысына өту керек” дедім өзіме. Алайда іштей жан дүнием қуыстанып, салқындықты сездім. Шашым түсіп, басым айнала бастады. Арқам, белім ауырып жүргенін байқадым. Ұстаздарым маған “Сен қандай да бір шындықты көргің келмейді” деді. Мен жіберген қателігімді мойындағым келмеді, шындыққа тура қарай алмадым”, – дейді Әсел. 

Актриса туған күнінен кейін өзін неге жайсыз сезініп жүргенін түсінген. 

“Мен тізімімде, жасаған болжамымда тек бір дүниені ескермеппін. Иә, махаббат болмады. Бұл адамның оқыған кітаптарым мен қиялымнан құралғанын түсіндім. Қанша қиын болса да, өзім армандаған азаматты жақсы көрмейтінімді мойындадым. Сол күні телефонмен хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Өмірлік тәжірибе үшін алғысымды білдірдім. Себебі, мен өз өмірім мен таңдауыма жауаптымын. Сол сәтте жеңілдеп қалдым. Бақытты, қуанышты және еркіндікті сезініп, қалықтап ұшқым келді. Мен өзімді, махаббатты және өмірді таңдадым”, – деді актриса.

Сондай-ақ ол өз адамын жолықтырғанын айтып, жеке өміріндегі жаңалықты жасырып қалмады.

“Басқа ер азаматқа ғашық болып қалғанымды түсінгенде не істедім деп ойлайсыздар?” деп Әсел оқырмандарына сауал тастады.

“Иә, сезімімді білдірдім. Ол қатты таңғалды. Өмірімде бірінші рет өзіме алғашқы қадам жасауға мүмкіндік бердім”, – деп мойындады ол.

Айым Болатқызы
Жұма, 24 Ақпан, 2023 15:56