Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған жала жабылды": Мәнізоров өзіне тағылған айыптаулар туралы айтты

Алматы облысының әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров өзіне қатысты қозғалған үш қылмыстық іс туралы баяндады. Орынбасардың сөзінше, оған жала жабылыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәнізоровқа қарсы алғашқы қылмыстық іс оның кәсіпкерлер Ыбыраев пен Баймахановтан жер тілімін алды дегеннен басталған. Ол кезде шенеунік Алматы қаласында мемлекеттік сәулет-құрылыс қызметін бақылау ұйымының басшысы болған. Айтуынша, мұның барлығы жалған, ал аталған кәсіпкерлерді ол өмірінде екі-ақ рет көріпті. 

«Бұл адамдар маған бейтаныс. Олар менің қызымның сыныптастары екен. Қызым былтырғы жылы олардан жер сатып алған көрінеді. Мен, шыны керек, бұл жерлерді барып көргенім де жоқ», - деді Мәнізоров. 

Мәнізоров жемқорлыққа қарсы қызмет оған қарсы үш қылмыстық іс қозғағанын жеткізді. Екінші рет ол жергілікті тұрғыннын "көршісіме әкім орынбасары заңсыз көмек көрсетті" дегеннен соң күдікке алынған. 

Ең соңғы іс Мәнізоровтың 30 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінуіне байланысты қозғалған. Сөзінше, бұл жағдай сонау 1999 жылы Көксу ауданының әкімі болып жүргенде болған делінген. 

«Бұл айыптау да жалған. Мен 20 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып келемін. Депутат та болдым. Алайда мен мемлекеттік қызметке құры қол келгенім жоқ. Менің 1999 жылға дейін басқарған өзімінің жеке бизнесім болды, жасыратын түгі де жоқ. Қазір мен өз кәсібімді жақындарыма өткізіп бергенмін», - деді шенеунік.

Бағдат Мәнізоров оны біреудің «аяқтан шалғысы» келіп жүргендігін айтты. Ал бұл адамның кім екенін ол анықтауға кірісіпті. Сонымен қатар, орынбасардың Алматы облысының әкімі болғысы келіп жүр деген ақпарат та жоққа шығарылды. 

Қазіргі таңда тексеріліс әлі де жүргізіліп жатыр екен. Ал іс жабылғаннан кейін әкім орынбасары оның атына арыз жазған адамға қарсы шағымданбақ. Бұған қоса мемлекеттік қызметкер ғаламторда оған ақпараттық шабуыл жасаған адамға да шағым түсірмек. 

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың тұтқындалғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Кейіннен Мәнзоровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Бұған қоса әлеуметтік желіде шенеунік түсіп қалған бейнежазба тараған-ды.

Талқылау