"Маған пышақ сермеп, итімді өлтірді": Алматыда нашақор ұлынан қорлық көрген зейнеткер ана көмек сұрайды
Алматыда зейнеткер ұлынан қорлық көрген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы түсірілімінен кадр
Алматылық 62 жастағы зейнеткер "Немолчи” қорына хат жолдап, жанайқайын жеткізді. Сымбат оны ата-ана құқығынан айыруды сұрайды.
Екінші топтағы мүгедекті нашақор ұлы ұрып-соғып, пышақ сермеп қорқытқан. 42 жастағы ұлының қорлығынан шыдамаған ана соның кесірінен 20 күннен аса үйден де шыға алмай, қорқып қалғанын айтады.
“Нанды жерге лақтырады да, маған “тұр, жина” деп бұйырады. Жерге лақтырма десем өзіме зекіп қояды. Омыртқам ауырып, грыжа мен протрузияма қарамастан, әрең дегенде жинаймын. Отырып-тұруым да қиын”, – деп күйінді зейнеткер.
Ол нашақор әрі маскүнем ұлының тіпті үйде жалаңаштанып жүретінін айта кетті. Неше түрлі қорлық көрсеткен. 8 қаңтар күні пышақ ала жүгіргенінде, әйел шыбын жаны шығып, көмек сұрап шыңғырыпты. Сол кезде әйелдің серігіне айналған иті дауыстан шошып келген екен.
“Ит екеш ит те маған пышақ ала жүгірген баламнан мені қорғамақ болып, үргені үшін құрбан болды. Итімді есікке қысып өлтірді. Мойын омыртқасы сынып, көзі шарасынан шығып кетіпті”, – деді Сымбат.
Анасына қорлап, итті өлтірген ер адам үш күнге қамауға алынып, кейін наркологиялық диспансерде жатты. Алайда 22 қаңтар шығып, қайтадан үйдің алдында пышақпен қорқытуды әдетке айналдырған. Өміріне алаңдаған әйел көшеге шыға алмай, көршілері дәрісі мен азық-түлігін әкеліп береді. Ал полиция қызметкерлері қылмыстық құрам болмағандықтан, оны қамай алмайтынын айтады.
Алматы полиция департаменті бірінші шағым бойынша іс қысқартылғанын айтты.
“Ол бірінші арызында ұлы тек итті өлтіргенін жазып, өзіне зақым келгенін көрсетпеді. Қылмыстық кодекстің 35-бабы бойынша іс қысқартылды. Прокуратура қылмыстық құрам жоқ деп танып, іс архивке жіберілді”, – деді Алматы ПД өкілі.
62 жастағы әйел екінші рет арыз жазып, соққыға жығылғанын мәлімдегенде, сараптама тағайындалды. Алайда ұлының қайда екені белгісіз, полиция іздестіруде. Табылған жағдайда ол мәжбүрлі түрде емделеді.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді