Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лондонда кішкене біреуге жақындап кетсең, қашады": Англиядан оралған жерлесіміз ол жердегі жағдай туралы айтып берді

Шетелден келген қазақстандықтардың карантині қандай жағдайда өтеді, кім қарсы алып, қайда жатқызады, онда қанша күн өткізеді? Stan.kz тілшісі 27 наурызда Ұлыбританиядан қайтып келген қазақстандық докторант Абзал Касиновпен хабарласып, егжей-тегжейін анықтады. Абзал елордалық қонақ үйлердің біріне карантинге жатқызылған болатын. Ол барлығы ұнап, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және дәрігерлерге алғыс білдіретінін жеткізді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Механика-математика фаультетінің докторанты Абзал Касинов Англияға жылдың басында тәжірибеден өту үшін аттанған. Тұманды Альбионға 26 қаңтарда ұшқан Абзал әлемде орын алған жағдайға байланысты елге ертерек қайтып келуге мәжбұр болған. Англиядан ол басқа қазақстандық докторанттармен Минск арқылы Нұр-Сұлтан қаласына 27 наурызда ұшып келді.

Жігіт ұшақ қонған сәттен бастап, барлығы да жақсы ұйымдастырылып, көңілінен шыққанын айтады.

"Бізді жақсы қарсы алды. Жүктерімізді өздері алды. Содан кейін бір қонақ үйіне апарып, жүгімізді өздері түсіріп, дезинфекциялады. Қолымызды санитайзермен жуғызып, аты-жөнімізді, қажет мәіметтерді жазып алып, бөлмелерге апарды. Бөлмелеріміз тап-таза, жағдайымыз жақсы болды. Барлық жағдай жасалған. Бөлмеде өзіміз келгендермен екі адам болып жаттық. Күнделікті екі рет дене қызуын өлшеп, анализ алды, үш уақыт тамағымызды берді. Тамағымызды бөлмемізге әкеліп тұратын, тамақтары да дәмді, әртүрлі, - қонақ үйде жасалған жағдайы мен тамағы ұнаған Абзал балық та, ет те берілгенін айтады. - Барлығы да жақсы болды, дәрігерлер ұжымына алғысымызды білдіреміз. Олар өзі өмірлерін қауіп-қатерге тігіп жұмыс істеп жүр ғой. Үш күн болдық, одан кейін коронавирус анықталмағаннан кейін бізді үйге жіберді. Арнайы автобус бізді әуежайға дейін апарып тастады. Мен Қарағандыға дейін ұшып келіп, Алматыға қарай таксимен жеттім", - дейді Алматы облысы, Қаскелең қаласының тұрғыны.  

 

Англияда тәжірибе өту үшін Абзал мамырдың 22-сіне дейін болуы тиіс болатын, алайда 2 ай бұрын қайтуға мәжбүр болған.

"Англияда да әрине шамалы дүрбелең басталды. Мен Англияның Стаффордшир графтығындағы кішкентай Ньюкасл-Андер-Лайм қаласында тәжірибеден өттім. Басында коронавирус жағдайлары тіркелмеді, артынан екі адам, бес адам болып көбейіп жатты. Елдің премьері карантин туралы бұйрық болды. Лондонда вирусты жұқтырғандар көп болған сияқты. Біздің кішкентай қалада паника басталды. Адамдар азы-түлікке тап берді, дүкендерде ет, макарон өнімдері, сүт азайып қалды. Бұрын толып тұратын. Нанға дейін азайып кетті. Сабын, дәретхана қағазы сияқты гигиеналық заттар да сатылып кетіп жатты. Соңғы күндері ірі супермаркеттер желісінде адамдарды кезекпен кіргізетін болды", - деп баяндайды докторант карантиннің басталуы туралы. 

"Азиаттықтарға деген синофобтық көңіл-күйді байқадыңыз ба деген сауалымызға Абзал: "Иә, мен ондай да ойламаппын. Бірақ ол жақтығылар мен қытайлық деп қабылдады, қытайлықтардың өздері шатастырып жатты. Қытайлықтар тіпті мені өздеріне жақын тартты. Қазақстаннанмын десем танып жатады елімізді. Ал Лондонда кішкене біреуге жақындап кетсең, қашады. Оларда бәрінде қорқыныш бар, 2 метр қашықтықты ұстану керексің. Қатты дискриминация болды деп айта алмаймын, бірақ адамдар солай қабылдады", - дейді жерлесіміз. 

Абзалдың айтуынша, басында тәжірибесін аяқтап келу ойында болған. Коронавирус инфекциясының таралу ауқымы үлкейген сайын университеттен жиі хабарласып тұрыпты. 

"Университетімізден хабарласып, не болып жатырмыз, қалаймыз, билет алайық па деп қоңырау шалды. Біз тәжірибеге бөлінген қаражатты ойлап, қаламыз деп шештік. Одан кейін елімізде дүрбелең басталып кеткенде тағы да хабарласты, қайтыңдар деп. Ол кезде біздің оқып жүрген кішкентай қалашығымыз да карантинге жабылған болатын. Қайтамыз деп шештік. Біз қайттық, келесі күні Ньюкасл да жабылды. Оған дейін университет бірнеше күн бұрын бізге ескертіп, кеткісі келетіндер шығып кетсін, әйтпесе, шыға алмай қалатындарын ескертті", - дейді ол. 

Докторант соңғы уақытта Англияда да барлық оқу орындары қашықтық білім беруге көшкенін айтады. Бірақ Абзал өзі оған ілігіп үлгермепті, өйткені сапарға шығамыз деп дайындалған, кейіп Пасхаға байланысты каникул басталып кетіпті. Абзал Лондон әуежайында ұшып жатқан халықтың қарасы көп болғанын айтады. Лондон-Минск әуе рейсіне де кезек күтіп тұрғандар өте көп болған. 

Естеріңізге сала кетсек, 29 наурызда Алматыға шетелден келген қазақстандықтар соңғы "Мәскеу-Алматы" рейсімен оралды. Бұдан былай алматылық әуежай жолаушыларды қабылдауды тоқтатады. Елорда әуежайы да 1 сәуірден бастап халықаралық рейстерді қабылдамайтынын хабарлады.

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт

Талқылау