Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ләйлә Сұлтанқызы: Мен қысқа киюге, шаш қиюға, тырнақ бояуға болмайтын ортада өстім

Ләйлә Сұлтанқызы анасымен 44 жасында ғана ашық сырласа бастағанын айтты. Тележүргізуші ана мен баланың, әсіресе, қыз баланың ата-анасымен ашық сөйлескені дұрыс деген пікірде. 

Тележүргізуші өз басынан өткен оқиғасын баяндады. Айтуынша, бала күнінде анасымен ашық сырласпаған. Енді ғана ашық сырын айта бастапты. Алайда мұның қыз бала үшін дұрыс емес екенін айтады. 

“Осы жасыма келіп (18 күні 44-ке толам) бір нәрсені мойындағым келеді. Мамам екеуміз соңғы жылдары ғана сырласа бастадық. Мен проблемамды айтуға ұялмайтын болдым. Қолдағанын, көмектескенін қалайтынымды айта алам. Шүкір. Мен тыйымы көп ортада өстім. Қысқа киюге, шаш кесуге, тырнақ бояп, далап жағуға, ұл баладан сыйлық алуға, мектепте ерекшеленуге болмайды, ұят. Үйде қатал әже мен үйдің тірлігінен көз ашпайтын ана. Менің өтпелі кезеңде қалыптасып, өсіп келе жатқанда көрген картинам осы”, –деп жазды Сұлтанқызы. 

Тележүргізуші келіннің өз ойын айта алмауын қазақтар ибалы қасиетке балайды деп кейіді. Ал қыз баланың ойын ашық айта алмауы, тұйықтығы оның салмақты қыз екенін білдіреді деген түсінік бар. 



“Әйелдің еркін сөйлеп, пікірінің дұрыс екенін дәлелдеуге құқығы болмады. Оны бәрі келіннің инабаттылығы мен ибалығы деп қабылданды.Құрбыларымен қыдыруы туралы мүлдем айтпай-ақ қояйын. Мамам кішкентайымнан барлық ұятты айтып өсірді. Жар таңдау тақырыбында ғана былай дейтін:

*Күйеуге тисең, отымен кіріп, күлімен шық, проблемаңды айтпа. Бәріне қызмет ет.

*Еті сенікі, сүйегі менікі.

*Дұрыс жүр, дұрыс күл, дұрыс киін. Не істесең де ұят болады.

Осы “болмайды” мен “ұят” адамның іштей қарсылығын өсіре береді емес пе?”, – дейді ол. 

Ләйлә ханым өз анасының ақылын айта кетті. Журналист өзінің арған жеріңнен сүйегің шықсын дейтін отбасынан шыққанын айтады. 

“Көп қиындық өтті ғой бастан, тізбектеп жазғым келмейді.
Бір айтпағым, қыз деген өрісің, оның жаны нәзік, қатты қысымға шыдай алатыны, шыдай алмайтыны бар. Қазір кибербуллинг деген бәле пайда болды.

Ана қызын естісе, қызы анасынан қорықпай проблемасын айта алса, көп қиындықтың алдын алуға болады. Әрине, барлық нәрседе баланс болу керек. Балалы болғанда көресің дейтін еді мамам. Қазір ұлдарыма қыз баланы сыйла, тыңда, проблемаңды айт, сен, арқа сүйеуіңе болады деп тәрбиелеудемін, ұят пен болмайды”, – деп жазды Сұлтанқызы. 

Желі қолданушылары тележүргізушінің сөзін қостап, анасының амандығын тіледі. 

“Жап-жас анасы, ұзақ өмір тілеймін, сіздерді жақсы көреміз”, “Ләйлә Сұлтанқызы, мен сіздің ылғи қарап жүремін, өте керемет. Журналист ретінде сізді үнемі көремін. Бағдарламаларыңызды да қарап жүремін. Сізден мотивация аламыз. Екі ұлыңыздың қызығын көріңіз”, “Анасы бар адамдар ешуақытта қартаймайды, анашыңыз жүз жасасын!”, “Оо, жаным Ләйлә қыз! Ең бақытты сәт! Қандай бақыт! Анаңның өзі де бір байлығың, байлығың анашың аман болсын! Қызығып кеттім, жаным! Анаң жас көрінеді, көз тимесін!”, –деп жазды желідегілер. 

Талқылау