Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құтқарушылар ескертуін елемейтін жүргізушілерге айыппұл салына ма: Министр жауап берді

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құтқарушылардың ескертуін елемейтін көлік жүргізушілеріне айыппұл салу бастамасына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Иә, ондай идея айтылған. Бірақ ол үшін көп дәлел жинау керек, әрбір көлік жүргізушісі бойынша ақпарат жинау қиын. Мен алдымен азаматтардың сана-сезіміне сенемін. Ескерту келсе я болмаса ауа-райының бұзылып бара жатқанын көрсеңіз, өміріңізге қауіп төндірмеңіз", - деді Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр айыппұлдың арқасында адамды тәртіпке салуға болады дейді. Бірақ өзі жаңа бастаманы қолдап отырған жоқ.

"Әкімшілік жаза кей кезде адамға ой салады, ойланбай істейтін қылықтан сақтайды. Дегенмен, мен өзім осы идеяны қолдамайтын шығармын", - деп атап көрсетті Ильин.

Бұған дейін құтқарушылардың ескертуіне қарамастан, жолға шығатын көлік жүргізушілеріне айыппұл салу бастамасы бірнеше рет көтерілді. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу керек.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл қыс басталғалы Қазақстанда 173 рет дабылды ескерту жарияланды.

Республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 35 рет жабылды. Бұдан бөлек, көлік қозғалысына қатысты алты рет шектеу енгізілген болатын. Соған қарамастан, құтқарушылар 27 адамды қар құрсауынан шығарып, 74 адамды қауіпсіз жерге шығарды.

Мамандар Darmen қосымшасын қолдануға кеңес беріп отыр. Соның көмегімен дабылды ескертулер туралы ақпарат алып тұруға болады.

Алыс жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп шыққан жөн. Адамдар ауа-райына сай киінуі керек, дейді құтқарушылар.

Талқылау