Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Күйеуім қазақ болғанда...»: Орыс қызы қазақ тілін еркін меңгеріп алғанын айтып мақтанды

Алматылық фотограф Наталья қазақ тілін өз еркімен үйренген. Оның арманы – қазақ тілін үйрену болыпты. Ол қазақ жіренде өмір сүрген әр ұлт өкілі қазақ тілінде білуі міндетті дейді. Ал өз тілінде сөйлей алмайтындарға қазақша үйренудің жолдарын көрсетті. Бұл туралы ол Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.

фотограф

–    Наталья, қазақ тілін үйреніп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

–    Қазақ тілін үйренуді осы жылдың ақпан айынан бастадым. 

–    Қазақ тілі – қиын тіл деп айтады ғой үйрене алмай жүргендер. Сіз қалай үйреніп жүрсіз?

–    Расымен де қазақ тілі қиын екен. Қазір арнайы ұстаз жалдап үйреніп жүрмін. Ал жалпы тіл үйренуді "Қазақша сөйле" курсынан бастағанмын. Бірақ мекен-жайы алыс болған соң, екі ай ғана бара алдым. Кейіннен қазақ тілін ары қарай да дамытқым келетінін түсіндім. Интернетте неше түрлі сабақтарды тауып алып, солар арқылы үйрене бердім.  Осы сабақты құрастырған мұғалімге хабарласып, ары қарай өзінен үйренгім келетінін айттым. Сөйтіп онлайн түрде қазақ тілі курсына жазылып, екі ай грамматикалық ережелерді оқыдық. Ол кісінің оқыту методикасы маған қатты ұнайды. Тіл үйренуді алғаш бастағанда маған қиын болды. Егер жаңа сөздерді естісем. Оны сөздіктен іздеймін. Содан кейін көшеде бейтаныс адамдармен қазақ тілінде сөйлесетінмін. Басында әрине қиын болады, бірақ тіл үйренгің келсе ештеңеден жасқанбау керек. 

–    Өз туған тілін білмейтін қазақтар көп. Олар қазақ тілін үйренуге құштар емес. Сіз не дер едіңіз?

–    Қазақша нашар сөйлейтін немесе сөйлей алмайтын адамдарды жиі кездестіремін. Оларға ештеңе айтпаймын, қателерін де түзегім келмейді. Өйткені өз тілін білмегендерге қоғам әсер етеді деп ойлаймын. «Өз тіліңді үйрен» деп мен емес, ата-анасының айтуы керек. 

отбасы
–    «Қазақ тілін» білуді өз қазағымыз қажет көрмейді. Сіздің үйренуіңізге не себеп болды?

–    Мен фотографпын. Неше түрлі адамдармен жұмыс істеймін. Бірде фотосессия жасатуға келген қазақ кісі менің осы тілде сөйлеу мәнерім жақсы екенін айтты. Содан қазақ тілін жетілдіруім керек деген ықылас пайда болды. «Қазақ тілін керемет білесің» деп мақтаса болғаны, мен әрі қарай да оқығым келіп кетеді. Қазақ тілін білу арқылы отандастарыма құрметімді көрсеткім келеді. Қандай ұлт өкілі болсаң да, мемлекеттік тілді білуің қажет. Өйткені сен қазақ жерінде өмір сүріп жатырсың. 

–    Сонымен қазақ тілін қалай тез үйренуге болады екен? Өз әдіс-тәсілдеріңізді үйренгісі келіп жүргендермен бөліссеңіз...

–    Бірінші әрине ниет керек. Сол кезде тілді үйрену де жеңіл. Онсыз жаңағыдай «қиын тіл» дегендей сылтау көп. Тілді тезірек үйрену үшін көп жаттығу керек. Бір әрекетті бірнеше рет қайталау керек. Мен ұстазыммен күн сайын Watsapp арқылы қазақ тілінде сөйлесемін.. Бір сөзде көптеген мағыналар (мән, мазмұны) бар. Қазақ тілін үйренудің жолдарын білмей жүрген достарыма kaz-tili.kz сайты және Soyle деген қосымшаны жүктеп алуға кеңес беремін. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі телехикаялар мен фильмдерді қараңыздар, жеңіл кітаптарды оқыңыздар. 

–    Қазақ тілінде қандай кітаптар оқисыз? Қандай қазақтың жазушыларын білесіз?

–    Қазақ ертегілері мен Ыбырай Алтынсариннің қысқа әңгімелерін оқимын. Жақында Instagram-парақшасында Абай Құнанбаев туралы білмейтін жастарды көріп қалдым. Бұл өте ұят нәрсе ғой. Мен Абай Құнанбаев атамыздың «Көзімнің қарасы» өлеңін жақсы көремін. Бірақ шығармаларын оқуға маған әлі ерте. Бірақ болашақта оқимын деп ойлаймын. 

–    Өзіңіз қай өлкенің тумасы боласыз? 

–    Алматы қаласынанмын. Екі балам бар. Күйеуім қазақ емес. Егер қазақ болғанда, тілді бұрын үйреніп алар едім. 

–    Ал, балаларыңыз ше?

–    Өкінішке орай, балаларым қазақ тілінде сөйлей алмайды. Бірақ балабақшадағы тәрбиешісіне ұлыммен қазақ тілінде сөйлеуін сұрадым.  Мен балаларымның қазақша сөйлегенін қалаймын. Ұлым өзін «қазақпын» дейді. Жүрегі қазақ деп соққаны үшін қуанамын.

–    Инстаграмда қазақша сөйлеген видеоларыңызды көріп қуанып қалдым. Болашақта қазақ тілін үйрету мектебін ашқыңыз келмей ме? Жоспарда бар ма?

–    Қазақ тілін үйренгісі келіп жүргендермен бірігіп клуб ашауым мүмкін. Бірақ әзірге мен тілді жоғары деңгейге дейін жеткізуім керек.


Тіл туралы 7 өлең

Сұхбаттасқан Анар Дәукен

Талқылау