Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күнделікті жасайтын қандай әдеттер бет терісін құртады

Күннен қорғайтын құралсыз күнге қыздырыну – қауіпті, ал беттегі опа-далапты жумастан ұйқыға жату немесе бояуды кетіру үшін кәдімгі сабынды қолдану – зиян. Бұл қарапайым ережелерді бәріміз білетін болармыз. Алайда теріңізге барынша күтім жасауға тырысқаныңызбен, қалаған нәтижеңізге қол жеткізе алмасаңыз не істеу керек? Бәлкім, күнделікті жасайтын әдеттеріңізге мән беру керек шығар. Себебі олардың барлығы бірдей пайдалы бола бермеуі мүмкін, деп жазады Stan.kz.

Күнделікті жасайтын қандай әдеттер бет терісін құртады

№1 әдет. Бетті көп жуу

Бетті түрлі гельдермен жиі жуу теріні сусыздандырады. Су терідегі майды кетіреді. Ал ол өз кезегінде табиғи ылғалдандырушы және бактериялардың көбеюінен қорғаушы болып табылады. Енді күнделікті бетіңізді жиі жуу арқылы теріңізге қандай зиян келтіріп жатқаныңызды ойлап көріңізші!

№2 әдет. Көз астына арналған гидрогельді патчтарды пайдалану

Гидрогельді патчтар көз астындағы ұсақ әжімдерден арылуға арналған әдіс ретінде сәнге айналғалы қашан?! Алайда, шындығында, олар сізді жасартпайды. Оның «оң» нәтижесі аздап ісіндірудің көмегімен жүзеге асады. Яғни бұл заттың құрамындағы кейбір заттар теріні ылғалдандырса, патчтардың өзі оның бетіндегі ылғалдың буға айналуының алдын алады. Бұл процесс барысында тері тартылып, әжімдер тегістелгендей көрінеді. Ал беттің жұмсақ тіндері емес, терінің өзі ісінетіндіктен, ісік білінбей қалады.



Егер патчтарды үнемі қолданса, уақыт өте келе ұсақ әжімдер көбейіп кетеді. Себебі тері тартыла береді. Сондықтан бұл құралды жиі қолданудан аулақ болған жөн. Тек таңертең қажет болған жағдайда ғана пайдалануға болады. 

№3 әдет. Ұйқыға жатар алдында косметика жағу

Ұйқыға жатар алдында бет терісінің күтіміне арналған иісмайларды жағу да жоғарыда аталғандай теріге аздап ісіндіру әсерін береді. Сіз ұйықтап жатқанда басыңызда қан айналымы белсенді түрде жүреді. Өз кезегінде иісмайлар терінің бетіндегі ылғалдың булануына кедергі келтіреді. Нәтижесінде тері ісініп, тиісінше, тартылады. Әрине, бұл бір-ақ түнде бола салмайды. Ол үшін бірнеше жыл қажет. Алайда уақыт өте келе мұндай әрекет әжімнің пайда болуына алып келетінін ескергеніңіз жөн. Әсіресе, бұл бет терісінің ұсақ әжімдер көп түсетін түріне қатысты. Осы себепті, ең дұрысы – бет күтіміне арналған косметиканы ұйқыға жатардан 3-4 сағат бұрын жағу. Егер иісмайды уақытында жағуды ұмытып, төсекке жатар алдында ғана есіңізге түссе, онда иісмайды мүлдем жақпағаныңыз дұрыс. 

№4 әдет. Косметиканы ерте жастан пайдалану

Бүгінгі таңда қыздар сәнге және әлеуметтік желілерде айтылатын кеңестерге еліктеп, 12-13 жасында бетті боюға және күтімге арналған косметикаларды қолдана бастайды. Мұндай жас кезде бетті түрлі ылғалдандыратын және сергітетін құралдармен жуу терінің ерте қартаюына алып келеді. Сонымен қатар безеудің пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Айта кетерлігі, егер бет теріңізге және жалпы денсаулығыңызға пайдалы дүниені жасағыңыз келсе, тәттіден бас тартқаныңыз абзал. Себебі тәттілер қартаюға ықпал етеді. Қант терідегі коллаген құрылымын өзгерту қабілетін ие. Өз кезегінде оны организм «тани алмағандықтан», ыдырамайды. Осылайша, «ескі» коллаген жиналап беріп, жаңасының түзілуіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ, қант беттегі майдың құрамына әсерін тигізеді. Ол жабысқақ бола түсіп, салдарынан май бездері жолдарын бітеп тастайды. Соның әсерінен теріде ісіктер пайда болады. 

№5 әдет. Ерте жастан «сұлулық екпесін» салдыру

Ерте жастан «сұлулық екпесін» салдыру жоғарыда айтылғандай, әжімдердің пайда болуына алып келеді. Бірінші кезекте, сөз гиалурон қышқылы инъекциясы туралы. Теріні мұндай жолмен бей-берекет ылғалдандыру организмнің гиалурон қышқылын өздігінен жеткілікті түрде бөлуіне теріс әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан уақыт өте келе бет терісі нашарлап, инъекциясыз жүре алмай қалатын боласыз. Гиалурон қышқылын филлер ретінде, мысалы, ерінді үлкейту үшін  шамадан тыс көп қолдану белгілі бір уақыттан кейін шырышты қабықтың созылуына алып келеді. Егер оны алдырып тастаса, ерін әжімді болып қалады. 

Ботулотоксин инъекцияларына да жиі жүгінбеген жөн. Себебі организміңізде бұл биологиялық препаратқа қарсы иммунитет қалыптасып, артынша ол әсер етпей қалуы мүмкін. Аталған процедура нұсқаулықта көрсетілгендей, үш айда бір реттен көп жасалмауы тиіс.  

Қартаюға қарсы инъекцияны профилактикалық мақсатта 27 жастан бастап жасатуға болады. Алайда одан ерте емес. Десе де теріде кемшіліктер болған жағдайда, ерте жасауға рұқсат етілетін жағдайлар болады. 

№6 әдет. Скраб, пилинг және лазермен тегістеуді жиі қолдану

Скраб, пилинг және лазермен тегістеу теріні жұқартып, оны аса сезімтал етеді. Сонымен қатар теріні зақымдайтын косметологиялық процедуралар телеангиэктазияға, яғни ұсақ тамырлардың кеңейіп, үзілуінің салдарынан қан айналымының бұзылуынан туындайтын тері ауруы мен дақ түсуіне алып келуі мүмкін. 

Талқылау