Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қой бағып, құрылыс салады: Таразда жылу қазандығының қызметкерлерін бастықтары өзге жұмыстарға салған

 

Таразда жылу қазандығының жұмысшылары өз қызметінен бөлек қой бағып, қора тазалау, егін егуге, сылақ сылауға мәжбүр. "Жамбыл-жылу" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қожайыны жұмысшыларды жеке шаруасына жегіп қойыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сюжеттен скриншот

Қызметкерлер басшылықтың талабына көнбей, шу шығарды. Олар сенімгерлік басқарумен жекеге өткен мекеменің мемлекетке қайтарылуын талап етті. Өйткені стратегиялық нысан жекеменшікке берілгелі оларға жүктеме артты.

"Жамбыл-Жылу" мекемесінің слесарь, оператор, инженер мамандары мал бағып, қора тазап, құрылысшы да болып кеткен.

Қостанайға іссапарға жіберген. Егін егесіңдер деді. Төрт жігіт болып бардық. Бидай егеміз деп ойлағанбыз. Сөйтсек ауладағы қоқысты жинатқызды. Ертесіне қой қырқытқызды”, – деді “Жамбыл-жылу” МКК слесарі Ғалымжан Битөреев. 

Қазандық жұмысшыларының айтуынша, Қостанай облысындағы бастықтың қорасында қара жұмысқа жегілген. Ал құжат бойынша өзге өңірге емес, жақын аудандардың біріне жіберілген.

“Бармаймыз деп қарсылық білдіргенбіз, онда өз еріктеріңмен жұмыстан шығасыңдар деді. Жұмыстан шығып кетпейік деп бардық”, – деді “Жамбыл-жылу” МКК бөлім басшысы Жаңабек Мәжитов. 

Компания директоры мұны жоққа шығармады. Сенімгерлік басқаруға алған соң қызметкерлерді қалай, қайда жұмсайтынын өздері шешетінін айтты. Жазда табыс болмағандықтан, ақысыз демалысқа жіберудің орнына мал бақтырып, айлық беруді жөн санапты.

Жазда жұмыс тоқтаған соң ақша табуымыз керек. Кәсіпорында 600 адам жұмыс істесе, жазда 350 адам ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр. Демек, қосымша жұмыс істеуге болады”, – деп мәлімдеді “Жамбыл-жылу” МКК директоры Мүслім Қасымов.

Бірақ келісімшартта мал бақтыру жазылмаған. Жиналған қауым айлық мәселесін де көтерді. Басшылық жалақыны алдағы жылу маусымында көтереміз деп сендірді. Алайда ашулы қызметкерлер бұған көнбеді. Олар мекеме мемлекетке қайтарылып, серіктестік жұмысына тексеріс тағайындалуын сұрайды.

Талқылау