Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ анасының рөлі қайда қалды": Көлгінов бас көтерген көпбалалы әйелдерге

Бүгін, 12 шілде күні, Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар талаптарын айту үшін Ақордаға қарай бет алды. Елорда әкімі Алтай Көлгінов ақыры оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дәлізінде қабылдауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Көлгінов

Сурет: Арман Асқар

Әкіммен кездесу үшін келген аналар бірден министрлік ғимаратына кіре алмады. Күзет қызметі оларды балаларымен бірге кіргізуден бас тартты. Алайда кейін Алтай Көлгінов өзі шығып, әрбір ата-ананың аты-жөні мен телефон нөмірін жазып алды. Осылайша бірнеше адамның нөмірін алған соң, оларды мәжіліс залына кіргізді. 

Әкім көпбалалы аналардың жеке мәліметін жазып алуды жалғастырған соң, журналистерге неліктен далаға бірден шықпағанын түсіндірді. 

«Мәселе көшеде шешілмейді. Дәл қазір министрлікпен бірігіп, әрбір анаға қатысты әлеуметтік карта жасап жатырмыз. Бұл жерде басты мәселе – тұрғын үй. Оған қажетті бағдарлама да бар. 2 процентпен ипотека берілетін бағдарлама осы шілде айында басталады. Бұдан өзге балабақша мен жұмысқа орналасу мәселесі бар. Әрбір отбасының өз қиындығы бары сөзсіз. Мемлекет тарапынан да тиісті қолдау шаралары атқарылып жатыр», - деді Көлгінов. 

Әрі қарай әкім осы күнге дейін көпбалалы аналармен бірнеше мәрте кездесу өткізгенін айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта да қосымша жұмыстан кейін қабылдап отыратынын жеткізді. 

«Кресло туралы ойлауға шамам жоқ»: Нұр-Сұлтан әкімі жаңа жұмыс кабинетіне жиһаз сатып алу туралы <<<

«Осы жұмадан бастап әр апта сайын кездесіп тұратын боламын. Бірақ, осы кісілердің ішінде келгендері де, келмегендері де бар. Осы күнге дейін 200-ге жуық анамен кездесіп қойдым. Мына кісілер – жаңа кісілер. Сол себепті құрметті аналардан тәртіппен, мәдениетті түрде әкімшілікке келуін сұраймыз. Әрбір адамның мәселесін жеке-жеке қарайтын боламыз. Ал көшеге шыққаннан балаларға қандай тәрбие береміз? Қазақ анасының рөлі қайда қалды? Адамда сенім болуы керек. Біз айтқан нәрсені жасаймыз. Егер қолдан келмей жатса, оны да түсіндіреміз», - деді Көлгінов. 

Мұнымен қатар, әкім аналарды арандатушылардан сақтануға шақырды. 

«Өздерінің WhatsApp желісіндегі чаттарында біреулер олармен ойнап жатыр. SMS жіберіп қойып, артынша күліп отырады. Ал аналар сол сөзге сенеді де, жүгіріп келеді. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Алдында осы жерде бес сағат отырдық. Барлығын да түсіндірдік. Одан кейін тағы бір топ ана келді. Мен осы қазір дүйсенбі мен бейсенбі аралығында жұмыстан кейін сағат жетіге қарай бәрін қабылдаймын деп шештім. Ал күндіз жұмыс істеу қажет», - деді жаңадан сайланған әкім. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналардың бас көтергені туралы хабарлаған едік.

Талқылау