Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонаев қаласында мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен "Пайда ойлама, ар ойла!" атты антиконференция өтті

Қонаев қаласында "Пайда ойлама, ар ойла!" деген ұранды желеу еткен жас мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен ауқымды антиконференция өтті. Шара салаға келген мамандардың кәсібилігін арттыру, тәртібін жақсарту мақсатында ұйымдастырылған.

Жастардың алдында сөз алған Алматы облысы әкім аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Қуаныш Сағымбаев өзінің тәжірибесімен бөлісті.

"Біздің басты міндетіміз – жас мемлекеттік қызметшілерге қызметтік этика нормаларын сақтаудың маңыздылығын жеткізу. Жұмыс уақытында да, жеке уақытта да. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты талқылап, кездесуге қатысушылардың жеке сұрақтарына жауап бердік. Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметкерлерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексі салаларындағы заң талаптарын сақтау бойынша кеңестер беруге әрқашан дайын. Бүгінгі таңда өз міндеттеріне аянбай, ерекше жауапкершілікпен қарап, ел азаматтарының игілігі үшін еңбек ету қажет", - деді Қуаныш Мұсаұлы.

Сонымен қоса, ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Асхат Тәкебаев мемлекеттік қызметтің өзге салалардан ерекшелігі мен маңызын айтып берді. 

"Департаменттің басты міндеттерінің бірі - мемлекеттік қызметте жұмыс істей алатын дарынды жастарды іріктеу. Агенттікпен жаңа тәсілдер әзірленіп, Мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар   талантты әрі білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға, оларды ынталандыруға,  өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған. Атап айтсақ, біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады.  Екіншіден, "Б" корпусының жоғары лауазымдарына, мысалы облыстық деңгейде басқарма немесе департамент басшысы лауазымдарына  уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі бар. Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен магистраннтар мен докторанттар  оқуды бітіргеннен кейін 1 жыл ішінде жергілікті және орталық мемлекеттік  органдардың  жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды", - деді Асхат Қанатұлы. 

Ашық форматта өткен басқосу сала мамандарының әдептілік деңгейін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру, осы бағытта жүйелі жұмысты күшейтуге арналып отыр. Айта кетерлігі, бүгінде аймақта  жергілікті билік өкілдерінің саны 3700-ден асады. Оның 25 пайызы – жастар.

STAN.KZ
Бейсенбі, 23 Ақпан, 2023 10:50