Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетаулық ана: Укол салынғаннан кейін балам бір қолынан айырылды

Көкшетаулық дәрігерлер өкпесі қабынған балаға ем-дом жасаймын деп, бүлдіршінді бір қолынан айырды. Осылай деп зар жылаған ана, бүгін журналистер алдында ақ халаттылардың ағаттығын жайып салды. Келіншектің сөзіне сенсек, дәрігерлер оның ұлына антибиотик еккен.

Көкшетауда екпе жасаған бүлдіршін мүгедек болып қалды

Уколдан соң науқастың қолы мұздап, санаулы минутта қарайып кетіпті. Жансыз қолдың кесірі жүрек пен бүйрекке шабуы мүмкін деген астаналық дәрігерлер бірден ота жасаған. Ашынған әйел енді кінәлілер жазаланса дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бауыржан үйдегі үш баланың ортаншысы. Екі жасқа дейін еш ауырмаған балақай жағдайы екі ай бұрын күрт нашарлапты. Зәресі ұшқан ана елордалық білікті мамандары бар ем-дом орындары баласын апарған. Алайда, «қалада тіркелмегенсін» деген сылтаумен ешкім қабылдамаған. Амалы қалмағасын, шырылдаған ана Ақмола облыстық ауруханасының астанадағы филиалына жүгінген. Онда бір жетіде ем қонбағасын, Бауыржан әжесімен Ақмола облысының көпбейінді балалар ауруханасына санитарлық авиациямен жеткізілген. Алайда, бала жағдайы одан да нашарлаған. Көкшетаулық ақ халаттылар шара қалмағасын, баланың сол қолындағы тамырына антибиотик салыпты.

«Сол антибиотиктан кейін бес минут өткенде баланың қолы жансызданып қалған. Әу баста оның қолы әппақ болып ағарып кеткен. Солай басталған уақытта біз сол жердегі кезекші болған дәрігерлерге ескерттік. «Баланың қолына қан жүрмей жатыр», «Балам қолы ауырды деп жатыр», «Қолы мұздап» бара датыр деп. Ал, олар бізге мән берген жоқ. Біраз уақыттан кейін тағы айттық. Олар келді, қарады, көрді. «Ол солай болады, массаж жасай беріңдер, кетеді, қазір бәрі жақсарады», - дейді баланың анасы Ақбөпе Қалила.

Бірақ, дәрігерлер айтқандай бала қолы оңалмай, керісінше асқынған. Анасының айтуынша, тамырына қан айналмай қалған. Бүкіл облыс жүгінетін Көкшетаудағы ауруханада дерттенген қолға көмек көрсетер маман табылмапты.

«Көкшетауда тамырға операция жасайтын маман болмады. Олар екі күн ұстады баланы. Сосын Астанаға ауыстырды. Астана баланың қолыне кесті. Шынтақтан төмен қарай. Әйтпесе болмайды деді. Неге болмайды? Өйткені, баланың қолындағы тромбоз жүрек мен бүйрекке кетсе, баладан бір сәтте айырылып қалар едік», - деді баланың анасы Ақбөпе Қалила. 

Көкшетаудағы дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасадық деп ақталады. Мамандардың сөзінше, өкпе қабыну дерті балада баяғыдан байқалған.

«Бұл дерт созылмалы да болуы мүмкін. Мүмкін айлап ауырмаған шығар. Оның бұл дерттпен қанша жүргені белгісіз. Өкінішке қарай, белгісіз», - деді Ақмола облысының көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Елена Иванова. 

Министр Елжан Біртанов жағдайдан хабардар. Ведомство басшысы оқиғаны тексеру үшін баланың ата-анасы арыз тастауы керек дейді.  

«Заң бойынша осындай медициналық көмек стандарттарын бұзылғанда арнайы, біздің осы денсаулық сақтау саласының тауар және қызмет сапасын тексеретін комитет бар. Жазбалы түрдек бізге ақпарат түссе, міндетті түрде тексеріп, қажетті жағдай қабылдаймыз. Жазбаша арыз түсіру керек», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. 

Бауыржанның анасы көкшетаулық дәрігерлерді сотқа бермек. Ол баласына жауапты министрлік протез алып беруін де талап етпек. Әрі сотқа жүгінемін деп отыр. Ал, екі жастағы баланың арманы  көлік тізгендеу болыпты.     

Талқылау