БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Қыздарымыз өзге ұлтпен некелесе берсе, қазақ ұлт болудан қалады": Президенттікке үміткерлер қандай үгіт жүргізуде

Президенттіктен үміттілердің насихат жүргізуге аз ғана уақыты қалды. Осы жексенбіде еліміздің басты саяси науқаны өтпек. Уақыт жақындаған сайын кандидаттарды қолдаушылардың жұмысы қызған. Түрлі бастамаларды көтеріп, сайлаушылардың назарын өздеріне аударуға тырысуда.

umitkerДемалыс күндері болған үгіт шаралары турасында Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды. 

Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков бұрынғы комунистердің қателігін қайталамаймыз! Үнемі сынға ұшырап жүретін идеологияның қазіргі жанашырлары заман талабына сай әрекет етіп, жастарды қолдауға барынша тер төгеміз деп отыр. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде. Үміткер Жамбыл Ахметбеков балаларды интернеттің кері әсерінен қорғап, ұлттық, әлемдік классика шығармаларын оқытуға назар аудару керек дейді. 

"ҚКХП әр қашанда білім сапасын жоғарлату, білім беруді кеңейтудің іс-шараларын қолға алады", - деді ол. 

Ал "Ақ жол" партиясын атынан саяси додаға түсетін Дания Еспаеваның батысқазақстандық штабы спорттық шара ұйымдастырды. 100-ге жуық жеткіншек байдарка мен каноэ есуден кім мықтыны анықтады. 200, 500 метрлік қашықтықта бақ сынау үшін оралдық спортшылардан бөлек Атырау, Түркістан, Алматы мен Шымкенттен де шеберлер жеткен. Бір шеті үміткерге үгіт жүргізген ақжолдықтар жастар арасында спортқа деген қызығушылықты оятуды көздедік дейді. 

"Мұндай жарыстарды біз жыл сайын өткіземіз. Бұл олимпиадалық спорт түрлеріне жататын сайыс. Біз келешекте дәл осы спорт түрінен олимпиада чемпиондарын көреміз деп үміттенеміз", - деді "Ақ Жол" партиясы филиалының төраға орынбасары Рада Хайрушева. 

"Ұлт тағдыры" қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түсіп отырған Әміржан Қосановтың Қарағанды облысындағы сенімді өкілдері өңірдегі сайлаушылармен кездесуде. Бұл жолы орталық штаб мүшелері аймақтағы ірі кәсіпорындардың біріне барды. Олар қызметкерлермен кездесу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында саяси құжаттың бірнеше бағыты сөз болғанымен, қатысушылар өңірлерді дамыту және еңбек адамының мәртебесі мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, штаб мүшелері саяси науқанға қатысты сұрақтарға жауап берді.

"Кездесулер өткізіп жатырмыз халықпен, жұмысшылармен. Басты мақсатымыз Әміржан Қосановтың бағдарламасын соларға жеткізу. Алға қойған мақсатын жеткізу. Меніңше, үгіт-насихаттың нәтижесі болады деп ойлаймын", - деді Қосановтың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Ахметқали Халенов. 

Елордада үміткер Төлеутай Рақымбековты қолдауға арналған өнер фестивалі өтті. Шараға эстрада жұлдыздары мен танымал шоумендер қатысып, жастармен әртүрлі танымдық және сауықтық ойындар ұйымдастырылды. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков өз бағдарламасында жастар саясатына үлкен басымдық берген. Оның ішінде олардың білім алуына, жұмысқа тұруына және баспанамен қамтылуына қатысты бастамалары бар.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі өнер фестиваліне жастар басым келіп отыр. Оларға қуанышты көңіл-күй сыйлау мақсатында жасап отырмыз. Төлеутай Рақымбеков бағдарламасының тағы бір басты мақсаты жастарға қолдау көрсету, жастарға жағдай жасау", - дейді Төлеутай Рахымбековтың сенімді өкілі Айша Қамбарбекова. 

Еліміз бойынша жалақы қарызы 2 милииард теңгеге жуықтаған. Мұндай келеңсіздік болмауы үшін кәсіподақтар мәртебесін арттыру керек. Президенттіктен үміткер Аманкелді Таспихов осы тығырықтан шығар жолды ұсынды. Батыс өңірде сапарлап жүрген кандидат мұндағы жалақы айырмашылығын да атап өтті. Мұнай саласындағы қызметкерлер бюджеттік мекемедегілерден 11 есе артық алады екен. Көпбалалы аналардың да жайы назарда болмақ.

"Көп балалы аналар бар, олар да айтып жатыр соларға берілетін жәрдемақы тиісті жақсы деңгейде берілуі керек деген сияқты. Оны қолдаймын. 4 баласы барлардың тауық-жұмыртқасын санамай, бірден беру керек деп есептеймін. Дүниежүзінде солай", - деді Таспихов. 

"Жас кәсіпкер" бизнес бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырамыз, стартаптарға қолдау көрсетеміз. "Nur Otan" партиясы атынан президенттіке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында осы сөзді айтып, жастардың жан-жақты болуына жағдай жасалатынын жеткізген еді. Бұл пікірді республиканың белсенді жастары қолдады. Арнайы шара барысында арқалана сөйлеген олар сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

"Біздің кандидат өзінің бағдарламасында жастарды тыс қалдырмауға әсіресе жастардың бизнес бастамаларын қолдау, өңірлердегі жастардың бастамаларына демеушілік жасау. Ол басты бес жылдықтағы негізгі мақсат. Республикамыздың әр өңірінен Алматыға арман қуып келген жастар мен сіздердің баршаларыңызды 9 маусым күні еліміздің жарқын болашағы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс беруге шақырамын", - деді Team qazaqstan жастар қанатының Алматы қаласы бойынша көшбасшысы Мәди Ахметов.

Қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуын заңмен шектеу қажет. Бұл президенттікке үміткер Сәбідек Түгелдің бастамасы. Оның айтуынша, бүгінде қаракөз қыздарымыздың түркі тілдес мұсылман жігіттерін былай қойып, діні, ділі, нәсілі де бөлек ер-азаматтармен отбасы құруы жиілеп кетті. Бұлай жалғаса беретін болса, қазақ ұлт болудан қалады дейді кандидат.

"Біздің қаракөз қазақ қыздарымыздың шетелдіктерге жаппай тұрмысқа кетуі мені қатты қынжылтады. Ренжітеді, жүрегімді ауыртады. Қазір менің есептеуімде 9,5 қазақтың қызы алыс шетелге тұрмысқа шығады екен. Ал, жалпы 100 мың отау құрса, 30 пайыздан асып кетті арлас неке дейді. Бұл күннен күнге үдеп бара жатыр. Егер жағдай осылай бола беретін болса, 22-ғасырда қазақты әкелетін аналар болмай қалады. Нағыз трагедия деген осы", - деді Сәдібек Түгел.

Үгіт-насихат жұмыстары 7 маусымда аяқталады. 8-і күні ешбір үгіт жүргізілмеуі тиіс. Еліміздің басты таңдауы осы жексенбіде жасалмақ.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр