"Шіркеуде қазақ тілінің естілгенін қалаймын": Ақтөбеде православие өкілі діни уағызды қазақша оқыды
Ақтөбеде иеромонах Яков (Воронцов) Пасха мерекесінде Інжілдің бірнеше тармақтарын қазақ тілінде оқыды. Желіге жүктелген шіркеу маманының видеосы көпшілік талқысына түсті. Православие шіркеуі өкілдері келушілермен байланыс орнатуда қазақ тілін де қолдануды жоспарлайтындарын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл көзге оғаш көрінгенімен Пасха мерекесінде Киелі жазбаларды әртүрлі тілдерде оқу дәстүрі бұрыннан бар екен. Алайда бұрын тек грек, латын, еуропалық тілдер қолданылса, соңғы жылдары Інжілдің тарауларын қазақ тілінде оқу да қолға алынған.
Иеромонах Яков (Воронцов) соңғы жылдары қазақ тілін белсенді түрде зерттеп, оны өзінің рухани іс-әрекетінде қолданып, өзгелерге дәріптегісі келетінін айтады.
"Мен Ақтөбелік епископ Игнатийге Пасха мерекесіне арналған Інжілді қазақ тілінде оқуды ұсындым, ол батасын берді. Шіркеуде қазақ тілінің естілгенін қалаймын. Бізде қазақ дінбасылар да бар. Менің ойымша, қазақстандық орыстар да қазақ тілін білуі керек. Христиандардың көпшілігі орыс болғанымен, қазақтілді келушілер көбейсе, араласу тілін қазақ тіліне айналдыра аламыз", - деді иеромонах.
Қазақстан Православие шіркеуінің, Астана және Қазақстан епархиясының баспасөз хатшысы протоиерей Евгений Иванов Құдайға қызмет етуді қазақ тілінде жүргізуге бола ма деген сауалға ойын айтты.
"Православиелік ғибадат шіркеуі славян тілінде жүргізіледі. Біз бұдан ауытқымаймыз. Сондықтан ғибадат қазақ тілінде өтеді деу қате. Бірақ қызмет элементтері қазақ тілін қолдануы әбден мүмкін. Мәселен уағыздарға келетін болсақ, бұл жерде жағдайды объективті және жеке қарастыру керек. Егер ғибадатханадағы келушілердің көпшілігі ана тілінде уағыз тыңдағысы келетін этникалық қазақтар болса, онда бұл мүмкін. Жақында біз Киелі кітаптың қазақ тіліне аудармасын жасадық. Бірақ бұл тек уағыз ғана емес, ағартушылық бойынша да қарастырылады. Қазақтілділер православиелік отандастарының неге сенетінін білсін дейміз. Бұл Қазақстан халықтары арасындағы өзара түсіністікті, сыйластық пен достықты нығайтуға өте пайдалы болар еді",- деді Евгений Иванов.