Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кезек қайта жасақталады: Мамандар жеңілдетілген автонесиенің жаңа ереже бойынша қалай жүзеге асатынын түсіндірді

Қазақстанда 6 ақпаннан бастап жеңілдетілген автонесие рәсімдеудің жаңа бағдарламасы іске қосылады. 4%-бен көлік алғысы келгендер сол күні таңғы сағат онда autonesie.kz платформасында жаңа кезекке тұрады. Демек бұған дейін бір жыл бұрын автосалонға барып тркелген адамдардың кезегі жойылады. Тіпті төлем түбіртегін алып, банктен берілетін ақшаны күтіп жүрген азаматтар да қайта электронды кезекке тұруы тиіс. 761 өтініш тіркелгенннен кейін, жүйе жаңа өтініштерді қабылдауды тоқтатады. Ал аз пайыздық кредитті рәсімдеуге өтінішті тек бір айдан кейін ғана қайта беруге болады. Қазіргі уақытта автосалондарда ескі тізім бойынша көлік күтіп жүрген шамамен 25 мың адам бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

көліктер

Астана тұрғыны Ғанизат Оспанов осыдан 6 ай бұрын 4%-бен несиеге көлік алу үшін дилерлік орталыққа барған. Арнайы талон алып, кезекке тұрыпты. Менеджерлер таңдаған көлік Қазақстанға 3 айда жеткізіледі депті. Алайда кезек алдыға жылжымаған. Енді 6 ақпаннан бастап жеңілдетілген автонесиелеу арқылы машина иемденгісі келетіндердің барлығы бір жүйеде тіркелуі керек. Сәйкесінше бұрынғы кезек жойылып, қайта жасақталады.  

“Енді біз осыдан 5-6 ай бұрын платформаға емес, барып тіркеуге тұрғанбыз. Енді міне жаңадан платформа шығып жатыр дейді. Біздің қанша күткен кезегіміз, барлығы бірігеді деп жатыр. Платформаның өзіне бағана кіріп қарасақ, ол жұмыс істемей тұр. Ертең платформа ашылған күннің өзінде қанша адам бір күнде тіркеле алады деп мен ойламаймын. Платформа ондай жүктемені көтере ме?” – деді Ғанизат Оспанов. 

Қолында төлем шоты бар, тек көлігін күтіп жүрген азаматтардың барлығы қазір елең-алаң күйде. Себебі 6 ақпанда Астана уақытымен таңғы сағат 10:00-де www.autonesie.kz платформасында несие алуға өтініш беру басталады. Өнеркәсіпті дамыту қоры платформаның жүктемені толықтай көтере алатынын айтып, жүйе істен шықпайды деп уәде берді. Тіркелу үшін компьютер, Электрондық-цифрлық қолтаңба мен интернет болуы қажет. Алғаш тіркелген 761 өтініштен кейін, тіркеу автоматты түрде тоқтайды. Ал азаматтардың барлығына автокөлік жете ме деген сауалымызға жауаптылардың жауабы былай болды.

“Порталға тіркелгенде ол сені 100% пайыз автонесие аласың деген сөз емес. Несие алуға қарастырыласың деген сөз. Порталға тіркелдің, одан кейін автосалонға барасың. Сені ЖСН бойынша тауып алады. Сосын келісілген машина бойынша саған төлем шотын береді. Сосын сіз сол төлем шотымен 4 банкке барасыз. Адамға жаңа автоөндірушілер айтып жатыр, осы платформада тіркелген адамдарды машинамен қамтамасыз етуге бар күшімізді салуға бармыз деп”, – деді "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғалымжан Әди. 

Автонесие алудың шарттары өзгермеген. Сыйақы мөлшерлемесі 4%. Көлік бағасы 10 миллион теңгеден аспау қажет. Несие 7 жылға дейін беріледі. Тек айырмашылығы кезектің қалай жылжып жатқаны баршаға мәлім болады. Дилерлік орталықта менеджерлер арқылы заңсыз кезек жылжыту деген мәселені осылайша толық жоямыз деп отыр жауаптылар. 

Талқылау