Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазылған күйі қалды": Алматы облысында су тартуға бөлінген 178 млн теңге екі көшеге ғана жеткен

Алматы облысында ауыз суға бөлінген қаржы желге ұшты. 200 миллионға жуық теңге ауылдағы екі көшенің өзіне әрең жеткен десем сенесіз бе? Ең қызығы,  осыдан кейін мердігер компания техникасын жинап, тайып тұрған. Ал қазылған күйі қалған терең шұңқырға малды қойып, адамдар түсіп мертігіп жатыр. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Қаратоған елді мекенін ауыз сумен қамтуға бөлінген жүздеген миллион тек екі көшеге құбыр тартуға жеткен. Қаратоған ауылына ауыз су тарту жұмыстары Райымбек пен Кеген аудандары бөлінбей тұрып қолға алынған.

Бастапқыда қарқынды басталған жұмыстар сыйырқұймышақтанып, соңы аяқсыз қалыпты. Ал қазылған терең шұңқырды жұртшылық ақша төлеп көмдіре алмай отыр. Шеткі көшедегілерде үйге кіріп шығуыдың өзі мұң.

«Көшенің сәнін кетірді. Әр үйге кіріп-шыға алмай, үйге кіру үшін ақша төлеп жол жасатып алдық. Малымыз түсіп, талай мал мертігіп өлді. Балар түсіп, бір жігітіміз Алматыға барып келді. Жамбасынан мертікті», - дейді ауыл тұрғыны Мэлс Әлімбекұлы.

«Жылы жаз айында осы суды қазуды бастады. 178 миллион теңге бөлінді деді. Ол кездегі курспен есептегенде 1 миллион доллар болатын. Қазір білесіздер бағасын. Содан мұны қазған мердігер компания жартысын бітірген кезде жоқ болды. Екі көше қазылған күйі қалды. Тұрғындар қазып тастаған жерді 15- 30 мың теңгеден беріп, өздері кіргізіп, көміп жатыр», - дейді тұрғындардың бірі Бауыржан Бесіров.

«Мен үйленген кезде осы арықты қазып жатқан. Мен үйленіп бөлек шығып, жап-жақсы ел қатарлы өмір сүрейін деп 1-2 мал сатып алдым. Біреуі қас қылғандай осы шұңқырға келіп құлады. Осы қазылған жер қазылған күйі қалды. Сиырымды осы шұңқырдан қазып аламын ба?» - дейді тағы бір тұрғын Берік Әлмембет.

Еркебұлан Әбілқайыров – түнде осы шұңқырға құлап, жарақат алғандардың бірі. Жұмысқа жарамай мүгедек болып қалған жігіт шығынды кімнен талап етерін білмей дал.

«Осы арықтан құлап аяғым сынып, жұмысқа жарамай қалдым. Не зейнетке шығармай қойды», - деп ашынады Еркебұлан Әбілқайыров.

Аудандық әкімдіктің өкілдері 2014 жылы жобалық-сметалық құжаттары жасалып, ауыз сумен қамтуға 158 миллион теңге бөлінгенін айтады. Мердігер мекеме жұмыстарды толығымен аяқтамай жатып, барлық техникасын жинап кетіп қалған. Қазір әкімдік сот арқылы атқарылмаған жұмыстың қаржысын өндіре алмай отыр.

«Жұмыстарын толығымен аяқтамай шала қалуына байланысты сот отырысы қазіргі күнге дейін жалғасуда. Бірінші отырысында 66 миллионды қайтару жөнінде соттың шешімі шыққан. Енді ол әлі күнге дейін соттың шешімі күшіне еніп, берілген жоқ. Әлі күнге дейін жұмыстар жүріп жатыр», - дейді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев.

Қазір қайтадан ауыз сумен қамту үшін жаңа жоба жасауға тағы 5 миллион теңге бөлініпті. Жобасы әзір болғанда облыстан қайтадан қаржы сұрауды көздейді. Бұл жұмыстар толығымен қашан аяқталатыны белгісіз. Ал қаратоғандықтар су ішіп отырған Байынқол өзеніне арнаның бас жағында алтын өндіріп жатқан компаняның лайы суы келіп қосылып жатыр. Улы қоспасы болса қайтеміз деп алаңдаған жұртқа осы суды ішуден басқа амал жоқ. 

Талқылау